«Орал» халықаралық әуежайының терминалы екі есеге ұлғаяды. Инфрақұрылымы мен техникалық мүмкіндіктері жақсарады. Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің әуежай басшылығымен, инвесторлар және жобалаушылармен кездесуінде айтылды. Стратегиялық нысанды қалпын келтіру келер жылы басталады.

Орал қаласының Еуропа мен Азия тоғысында, тоғыз жол торабында орналасуы инвестиция тартуға өте қолайлы. Алайда әуежайдың қазіргі азып-тозған күйі жергілікті билікті де алаңдатып отыр.
- Терминал ескі. Қазіргі заман талабына сай келмейді. Енді терминалды жөндеу кезінде осы олқылықтардың бәрін ескеруіміз керек. Біріншіден, қазір жинақтаушы зал жертөледе орналасқан. Бұл дұрыс емес. Біз жолаушыларға жағдай жасап, сапалы қызмет көрсетуіміз керек. Екіншіден, жүк берерде сырттан кіреміз. Ұшып келушілерге арналған зал жоқ. Жолаушылар жертөле арқылы ұшу залына өтеді. Элетронды тақта жоқ. Халықаралық әуе рейсімен ұшатындарға бөлек зал керек. Біз халықаралық рейс ашып жатырмыз. Ол тұрақты болады. Әрі келешекте кеңейеді. Сондықтан осы жәйттердің бәрін ескеруіміз керек, - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ.
Бүгінде Мәскеуге, Франкфуртке әуе рейстері ашылды. Атырау, Ақтау қалаларына ішкі рейстер кеңейтілді. Сондықтан әуе айлағын қалпына келтірудің кезекті кезеңін кешіктіруге болмайды.
Жобалаушылар екі нұсқаны ұсынған. Әуежайды перрон бағытына қарай немесе вокзал алаңына қарай кеңейту. Жоба бойынша әуежай ауданы шамамен екі есеге дейін кеңейтіледі. Яғни 8 мың шаршы метрді құрап, қазіргіден де көп жолаушы қабылдай алады.
- «Орал» әуежайы қазір сағатына 200 жолаушыны өткізе алады. Біз оны 350 жолаушыға дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл едеуір өсім. Бос алаң көбейеді. Ұшу, келу залдары ашылады. Бәрі халықаралық стандарттарға сай жасалады. Жергілікті рейстерді де, халықаралық рейстерді де қатар қабылдауға мүмкіндік туады. Телескопиялық трап арқылы ұшаққа өту мүмкіндігін де қарастырудамыз, - дейді «АerАnТ» ЖШС бас инженері Әбдіманап ӘБДІРАХМАНОВ.
Кездесуде межелі жұмыстың мерзімі нақтыланды. Тараптар жарты жылдан кейін жобаны нақты жүзеге асыруға кірісетін болып уағдаласты. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынады.
- Қазір технологиялық шаралар атқарылуда. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Заңдық негізі жасалуда. Келесі жылы жоба жүзеге асады деп үміттенеміз, - деп түсіндірді «ОРАЛ» ӘК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан БАЛТАЕВ.
Бұл өңірдіңинвестициялық тартымдылығын арттырып, кәсіпкерлердең кедергісіз жұмыс істеуіне жағдай туғызады. Ең бастысы, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіліп, әуежай халықаралық атауына сай болмақ.
Арман КУРМАНАЛИЕВ