05 декабря 2016

Орал-Атырау-Ақтау бағытында жаңа әуе рейсі ашылды

Орал қаласынан Орал-Атырау-Ақтау бағыты бойынша жаңа әуе рейсі ашылды. Фото из архива "МГ" Фото из архива "МГ" Халықаралық «Орал» әуежайы арқылы Астана, Алматы және Ақтау қалаларына жолаушылар тасымалы жүзеге асырылады. Осы кезге дейін бұл салада қызмет көрсетіп келген «Эйр Астана», «Скат» және «Бек Эйрдің» қатарына енді «QAZAQ AIR» компаниясы қосылды. Жаңа компания Орал-Атырау-Ақтау бағыты бойынша әуе қатынасын жолға қоймақ. - Бүгіннен бастап Оралдан Атырауға тіке қатынауға болады. Жаңа бағыттың сұранысқа ие болатындығына сенімдіміз. Бұл тұрғындардың көршілес өңірге барыс-келісіне аса қолайлы болмақ, - дейді «Орал» халықаралық әуежайының бас директоры ХАЙРЕТДИН РАСҚАЛИЕВ. Жолаушы тасымалы кесте бойынша жұма мен жексенбі күндері жүзеге асырылады. - Орал қаласы біздің компания қызмет көрсететін 12-ші қала. Жолаушылардың барлық талап-тілектерін ескеруге тырысамыз. Әуе қатынасы «Bombardier» ұшақтары арқылы жүзеге асырылады. Болашақта ұшу кестесін нақтылап, сұранысқа сай рейстерді көбейтуді көздейміз, - дейді «QAZAQ AIR» компаниясының басқарма төрағасы БЛЭР ПОЛЛОК. «QAZAQ AIR» - еліміздің азаматтық авиация саласындағы жас компания. Бірер жылдан астам уақытта еліміздің 11 қаласына 170 мыңдай жолаушының барып-қайтуын қамтамасыз еткен. - Атырау қаласына қатынайтын ұшақтар әуе сапарының жайлылығын қамтамасыз етеді. Әуе лайнері дыбыс толқындарының әсерін бәсеңдететін қондырғылармен жабдықталған. Атырау қаласына дейін жалпы ұшу уақыты 50 минут шамасында. Билет құны 14 700 теңге, - деп атап өтті компанияның коммерциялық директоры ӘДІЛ ДӘУЛЕТБЕК. Жиі жолға шығатын тұрғындар Орал әуежайының қызмет көрсету сапасын әлі де жоғарылату керектігін айтады. Ауа райына байланысты ұшақтардың кешеуілдеуі кезінде күту залының суықтығы қолайсыздық туғызады дейді жолаушылар. Жолаушылар базынасының орынды екенін аэропорт басшылығы да жақсы біледі. Өткен жылы әуежайдың ұшу жолағының жөнделуі әуе көліктерін қабылдау мен аттандырудың техникалық мүмкіндіктерін арттырды деген аэропорт директоры ендігі кезекте терминалды жаңғырту жұмыстарының қолға алынатындығын айтады. - Кен игеруші компанияның қаражаты есебінен терминалды жаңғырту жоспарлануда. Бұл жұмыстар алдағы көктемде басталады, - дейді «Орал» халықаралық әуежайының бас директоры ХАЙРЕТДИН РАСҚАЛИЕВ. Болашақта Атырау арқылы Ақтөбе және Шымкент қалаларына жолаушы тасымалын жолға қою жоспарда бар. Арман Курманалиев
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp