11 октября 2017

Оралдағы жәрмеңкедегі баға 15-20 пайыз төмен

Орал қаласында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жалғасуда. Әдеттегідей бұл жолы да жәрмеңкеге жиналған жұрттың қарасы қалың. Таңертеңгі тоғыз болмай жатып мұнда сауда көрігі қызған. Бастысы баға - қолжетімді. Мәселен халыққа ұсынылған ауылшаруашылығы өнімдерінің құны нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен. Жәрмеңкені аралаған облыс әкімі Алтай Көлгінов бағаларды бағамдап, жұртшылықпен тілдесті. - Етті 1200 теңгеден алып жатырмыз. Бағасы көңілге қонымды. Үнемі осында арзан болады. Сондықтан сенбі сайын етпен қатар азық-түлікті алып қалуға тырысам дейді, - қала тұрғыны Сағынғали Абухалықов. Келісі 1200 теңгеден саттыққа шағыралған етті Бөкейордасы мен қалаға іргелес аудандардың шаруалары ұсынды. Салыстырмалы түрде орталық базардағы баға 1500-1800 теңге төңрегін құрайды. Тұтынушы арасында кең сұраныс туғызған тағы бір тауар – картоп. Жәрмеңкеге жеткізілген 30 тонна картоп, 70 пен 90 теңге аралығында сатылып түске дейін түгел өтті. - Биыл картоптан мол өнім алдық. Бұл уақытылы тыңайтқыштарды шашып, агротехникалық тәсілдерді қолданудың нәтижесі. Бүгін өнімді 85 теңгеден саттық. Сұраныс жоғары болды. Бір сағатта бір жүк көлігімен әкелген картоп таусылып қалды дейді, - «Рубежинский» АКК менеджері Вера Рубцова. Сондай ақ тауық жұмыртқасына да ұзын-сонар кезек қалыптасты. Осы орайда облыс әкімі келесіде мұндай кемшілікке жол бермеуді тапсырды. Бақша дақылдары мен көкөністе көмбеде қалмады. Сәбіз 70, орамжапырақ 50, пияз 65, қарбыз 40 теңгеден бастап сатылды. Тұтынушылар мұндай жәрмеңкелерді жиірек ұйымдасытрса игі дейді. - Тонналап сатылатын бағаға, біз келілеп беріп жатырмыз. Сондықтан да сұраныс жоғары. Әрине жәрмеңкені аптасына бір мәрте өткізу аздық етеді. Кем дегенде үш күн болғаны дұрыс. Өйткені қазір тұтынушы қысқа азық-түлік жинап алуды мақсат етсе, ал шаруалар жаз бойғы еңбегінің жемісін көруді көздейді дейді, - «Болашақ» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрхат Өтешев. Жәрмеңкеге келгендердің бірде-бірі құр қол кетпеді. Жалпы бұл күні 500 млн. теңгенің тауары арзандатылған бағамен сатылды. - Жәрмеңкенің қолайлы тұсы тауар өндірушілердің делдалсыз сауда жасауы. Бұл Орал қаласында ұйымдастырылып жатқан 25-ші жәрмеңке. Ықсанов көшесімен қатар, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі Зашаған кенті мен 9-шы ықшамауданда да дәстүрлі өтіп отырады дейді, - БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев. Жалпы биыл облыс бойынша 185 жәрмеңке ұйымдастырылған. Игі іс әлі жалғасады. Өйткені халықтың азық-түлік жинап, қысқа әзірленуіне жағдай туғызу басты мақсат. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp