Аймақта аллерголог мамандарға деген сұраныс жоғары. Осы күнге дейін арнайы орталықтың болмауы науқастарды ат сабылтып, көршілес елдің шекарасынан əрі асуға мəжбүр қылатын.

Жаңадан пайда болған аллергиялық орталық əзірге облыс бойынша жалғыз. Осы жерге аллерголог, дерматолог, зертханашы мамандар біріктіріліп, заманауи медициналық ем көрсету қол жетімді бола түсті. Көпшілік арасында аллергия кең тараған. Түрі де сан алуан. Мəселен біреулерде дəрі-дəрмекке төзбеушілік болса, енді бірі-шаң-тозаңмен мен жануарлар түгіне, өткір иіске түшкіріп, көздері жасаурап, денелерінде түрлі бөртпелер пайда болып жатады. Ал емделу үшін осындай орталықтың ашылуы аталмыш дерттен зардап шегушілерге оңтайлы жағдай туғызып отыр.
-"Осы жерде науқастардың да уақыттары үнемделеді. Себебі бір орталықта бірнеше маман аллергияның пайда болу себебін, қандай затқа аллергиясы барын анықтап, емін тағайындап береді. Арнайы сараптама жасалады. Зертханада лаборант, дерматолог, аллерголог бірлесе жұмыс жасайды",-дейді Батыс Қазақстан облысының көпбейінді ауруханасының диагностикалық бөлімінің директоры Арман Байдеуов.
Демікпеге шалдығып, аллергиядан безер болған науқастар жаңа орталықтың ашылуын қуана қабылдады. Дəрігерлер қабылдауына жазылып, бір жерден талдау жасау мүмкіндігі олар үшін арман-тұғын. Осы күнге дейін Ақтөбеге, көршілес Самара облыстарына барып, жан бағып жүрген азаматтарға зертханасына дейін жабдықталған орталық өте ыңғайлы.
-"Мен жер кеуіп, шаң көтерілгенде, гүлдердің тозаңы ұшқанда демікпеден зардап шегемін. Көзім жасаурап, түшкіре беремін. Емделу үшін аллерголог табу қиын болатын. Мұндай дəрігерлер саусақпен санарлық. Ал қазір жақсы болды. Бəрі бір жерде отырып қабылдап, емін тағайындап береді екен",-дейді қала тұрғыны Нұртай Сисенов.
Аллергиялық аурулар дер кезінде емдеп немесе күтініп, қаралмаса асқынып кетеді. Сондықтан жас балада болсын, үлкен адамда болсын алғашқы белгілері білінген сəттен оны жеңіл түрде өткеру жолдары мен ем тəсілін қарастыруға көңіл бөлу керек.
Облыс жұртшылығы үшін қызмет көрсететін аллергиялық орталық диагностикалық орталық ғимаратында орналасқан. Медициналық мекемеде балаларға да, ересектерге де ем шаралар жасалып, дəрігерлік тексеріс жүргізіледі.
Арман КУРМАНАЛИЕВ