Оралда алма мен жүзімнің түр-түрін өсіріп, тәжірибесімен бөлісіп жүрген бағбан, селекционер Қайрат Каримов қала тұрғындарына жүзімнің ағаштарын үлестірді. Ол жүзімнің 50 түрлі түрін өзгелерге тараттып берді.
Тәжірибелі бағбаннан жүзім ағашын алғысы келіп, өтініш бергендердің қатары қалың болыпты. Бірақ, Қайрат Каримовтың командасы бағбандарды мұқият тексеріп, тек тәжірибесі мен ебі бар жандарды іріктеп алған. Соның өзінде күрегі мен қапшылығын арқалаған жандардың саны 30-дан асып жығылды.
Жүзім егіп, оны баптауды жаны сүйетін жандарға Қайрат Каримов алдымен ағашты қалай қазу, оны қалай отырғызу жолымен, өсіріп баптаудың қыр-сырын айтып берді. Бағбанды мұқият тыңдаған оралдықтар толғандырған сауалдарын жолдап, жауабын тыңдап, тәжірибесін де тілге тиек етті.
Қайрат Каримовтан мұндай қадамға неліктен барғанын да сұрадық.
— Біздер жүзімнің 50 түрін үлестіреміз. Жүзімнің әрбір түрі ерекше. Олар жылдар бойы тексерістен өтті, мол өнім береді, аязға төтеп береді. Біздің бақта 200-ге жуық жүзімнің түрі өседі. Қазір біздер алма бағында жұмысты жандандырдық. Ғылыми жұмыспен айналысып жатырмыз. Декаративті теректердің ғылыми жұмысымен айналасамыз. Қазір ботаникалық саябақтың құрылысы жүріп жатыр. Сол себепті жүзімдердің ағашын жауапкершілігі мол жандарға беру туралы шешім қабылдадық. Жүзім ағашын берген жандармен үнемі байланыста боламыз, – деді бағбан Қайрат Каримов.
Танымды лекциядан соң селекционердің бағында оралдықтар бірден жұмысқа кірісті. Көп жыл бойы өсіп, мол өнім берген жүзім ағаштарының тамырын қазып алу ешкімге де оңай соқпады. Жүзім еккенді жанындай жақсы көретін жандарды сөзге тарттық.Солардың бірі - Виталий Мазуренко. Ол 30 жылдан бері бағбандықпен айналысады екен. Оралдық бағбан жүзімнің сегіз түрін өсіреді-мыс.
— Мен Қайрат пен оның зайыбы Розаны көптен танимын. Мен өзім қалаған жүзім ағашының түрін қазып алу бақыты бұйырды. Мінекей, жүзім ағашының тамырын қазып жатырмын. Саяжайымда осы жүзімді отырғызатын арнайы орын әзірлеп қойдым. Менің қазған шұңқырым ағаштың тамырымен салыстырғанда кішкентай екен. Саяжайға барып, бірден отырғызамын. Мен мына жүзімнің ағашы мол өнім береді деп сенемін, – дейді Орал қаласының тұрғыны.
Өткен жылы Қайрат Каримов азаматтарға мыңдаған алма ағашының түр-түрін тегін үлестірген еді. Ол кезде де селекционерден алманың түрлі сортын алып, еккісі келгендер ұзын-сонар кезекке тұрған-ды.