Орал қаласында тиісті өтемақысын ала алмай жүрген Чернобыль апатының ардагері сотқа жүгінген. Ардагердің ісін Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралған. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Ардагер 1986 жылдың мамырынан шілдесіне дейін 03354 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет өткерген. Ол 2026 жылдың көктемінде әлеуметтік қорғау департаментіне Ұлы Отан соғысына қатысушыларға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдарға көзделген арнайы мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау туралы өтінішпен Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне жүгінген.
Шенеуніктер архивтік құжаттарда кейбір формалды сәйкессіздіктерді алға тартып, көмек беруден бас тартты. Мемлекеттік орган бөлімнің 30 шақырымдық қауіпті аймаққа кіргені туралы нақты жазба жоқ деп есептеген.
Алайда сот бұл шешімді заңсыз деп таныды. Заңнамаға сәйкес, құжаттағы кез келген түсініксіз тұс немесе күмән әрдайым азаматтың пайдасына шешілуі тиіс. Сонымен қатар сот отырысында сол кезеңде бірге қызмет еткен әскери әріптестері ардагердің апат ортасында болғанын растады.
Ардагердің сәулелену әсерінен денсаулығы нашарлағанын дәлелдейтін медициналық қағаздары да қосымша дәлел болды. Судья департаменттің әрекетін формальды сылтау және адам құқығын шектеу деп бағалады.
Әділдікті қалпына келтіру үшін сот шешімі дереу орындауға жіберілді. Егер ведомство сот шешімін орындамаса, мекеме басшысына 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Сот шешімі заңды күшіне енді.