24 августа 2018

Оралда электронды билетке көшу мәселелері талқыланды

Жолаушы тасымалдаушылардың пікірінше, электронды билетке көшу барысы әлі жан-жақты жетілмеген және кәсіпкерлерге түсірер ауыртпалығы зор. Ал электронды билет енгізуші кәсіпорын зор пайдаға кенелгелі отыр. Нақтырақ айтар болсақ, электронды билетке көшу мәселесін жолаушы тасымалдаушылар құп көрмеуінің себебі-осы іспен айналысатын компания табысы заңдастырылып, электронды жүйе жан-жақты қарастырмаған деп санауында. Бұл жүйе қаламызда «Круглоозерный-Орал» бағытындағы №51 маршрутта қанатқақты жоба ретінде іске қосылған болатын. Тәжірибеде тиімділігі сыналған соң, 4 бірдей маршрутқа енгізілді. Олар №39, №7, №5 қоғамдық көліктер. Нәтижесінде қазір автобустарда жолақыны қолма-қол төлеу, смс арқылы және электронды билет арқылы төлеу тәсілі қолданыста қалып отыр. Онсыз да мемлекеттен демеу қаржы ала алмай отырған жолаушы тасымалдаушылар бұл жүйеге көшуге дайын еместігін мәлімдеді. -«Электронды билетпен айналысушы компания ай сайын әр терминалға 15 мың теңге жалдық ақы алады. Оған кассалық төлемді қосыңыз. Сонда бір ғана маршруттан ай сайын 97 мың шығын шығады. Оны бізге ешкім өтеп бермейді. Яғни, бұл жолаушы тасымалдаушыларға үлкен ауыртпалық. Былтырғы есеп бойынша 3 миллиард теңге субсидия бөлуі тиіс болатын. Биыл тек 2 миллион теңге ғана бөлгелі отыр»,-дейді қоғамдық көліктердің мұң-мұқтажын жеткізген БҚО жолаушы тасымалдаушылар ассоциациясының атқарушы директоры Асқар Мұқанов. Биыл жолаушы тасымалдаушыларға 170 млн теңге субсидия беріледі. Осы қаржыны кәсіпорындар өзара бөлісіп, місе тұтуы тиіс. Талап-автобус паркін жаңарту және жаңашылдықтарға дайын болу. Электронды билетке көшу мәселесі заман талабы болғандықтан оны кейінге қалдырудың реті жоқ деп санайды сала мамандары. -«Бүгінгі күні бір аптада 1200 карта шығарылып отыр. Күн сайын жолаушылар 500-600 карта алып жатыр. 15 мыңнан астам транзакция жасалды. Оның 2 мыңы картамен, 13-14 мыңы терминал арқылы жүзеге асқан»,-дейді Орал қалалық жолаушы көлігі және автомобиль бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев. Ал қарапайым жолаушылар бұл орайда өзгерістерге бейімделу-уақыт еншісінде дегенімен, пікірлер екіге жарылады. Жастар тарапы қолдау білдірсе, егде жастағылар үшін бұл түсініксіз жүйе. Сондықтан үйреншікті қолма-қол төлемге жететіні жоқ. БҚО-ғы жолаушы тасымалдаушылар ассоциациясы жергілікті кәсіпорындардың шығынын 3 миллиард теңгеге бағалап отыр. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp