Фронт-кеңсе ішкі істер министрлігінің "Азаматтарды қабылдау" жаңа жобасы аясында ашылып отыр. Орал қаласының полиция басқармасының бірінші қабатында, үлкен холлда келушілерді бөлімше қызметкерлері қарсы алады.

Кеңес береді, қажетті қызметті тез арада көрсетеді. Темір торлы есіктер мен қатаң өткізу режимінің орнына, əйнектің ар жағында қала тұрғындарын мамандар қарсы алып, сол жерде кеңестер беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Күн сайын полиция қызметіне ғимаратқа келіп 100-ге тарта азамат жолығады. Ортада ешқандай қабырға жоқ, ашық алаң қызметтің көрсетілер уақытын да қысқартады. Осындай фронт-кеңселер еліміздің өзге облыстарында да пайда болып, жұмыс жасап жатыр. Атқарылған істің нəтижесі жобаны түбегейлі енгізуде ішкі істер саласы үшін оң əсері барын байқатқан.
Аумағы 60 шаршы метрді құрайтын қызметтік орын заманауи талаптарға сай және қажетті жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Фронт-кеңсе ғимараты 3 бөлімнен құралған. Аудиотаспа қызметі бар видеобақылау жүйесімен қамтылған. Бұл жұмыстың басты мақсаты - полиция қызметінің ашықтығы мен айқындығын көрсету, қала тұрғындарын қабылдау үшін ыңғайлы жағдай жасау.
- "Күн сайын екі қызметкер кезекшілікте отырады. Мәселен, тұрғындар қарпайым сауалмен немесе кеңес алу үшін сағаттап кезекте тұрады. Тұрғындардың уақытын үнемдеу үшін және полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жасалған жұмыс. Күрделі сұрақтар немесе мәселелер болса оны да анықтап, тисіті мамандарға жолдайтын боламыз",-дейді қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Динара Əбдулхалықова.
Күн сайын Орал қаласының полиция басқармасына 100-ден астам қала тұрғыны түрлі мәселемен келеді. Мұнда оралдықтар жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар бойынша шағымдар жазады. Фронт-кеңседе құрылымдық бөлімшелер, құқыққорғаушылар, халықаралық сарапшылар да азматтарды қабылдай алады. Негізінен азаматтардың басым бөлігі кеңес алуға жүгінеді. Ал үштен бір бөлігі құқықбұзушылық жөнінде арыз-шағымдарымен келетін көрінеді. Фронт-кеңсе полиция басқармасы ғимаратының ең төменгі қабатында орналасқандықтан келушілердің кіріп-шығуына айтарлықтай кедергі жоқ. Бұрынғыдай тергеушіге немесе анықтаушыға келіп кезек күткендер саны жобаның арқасында айтарлықтай сейіледі деп күтіліп отыр.
Арман КУРМАНАЛИЕВ