23 августа 2018

Оралда шаһардың қысқа дайындығы талқыланды

Орал қаласындағы 1222 көпқабатты үйдің жартысы жылыту маусымына дайын. Бұл туралы Орал қалалық әкімдігінде өткен алқалы жиында айтылды. Қазір қалған тұрғын үйлерде жылу, су, кәріз құбырларын жамап-жасқап, ретке келтіру жүруде. Осы орайда жылма жыл әзірлікке жауапсыз қарап, салқын түсе сандалатын баспана тұрғындарымен түсінік жұмыстары жүргізілген. - Пәтер иелері кооперативіне кірмейтін баспаналар бар. Жылма жыл Оралдағы жеті жатақхана және бірнеше үй бойынша проблема туындайтын еді. Олар Ульяна Громова 2/1, 24, 24/1, Еуразия даңғылы 88/1, Құрманғазы 111, Луговая 47/1, Покатилова 69/1. Осыған орай біз мамар айынан бері аталған үй тұрғындарымен түсінік жұмыстарын жүргізіп, қысқа дайындықтың маңыздылығын жеткізіп келеміз. Нәтиже жоқ емес. Жеті жатақхананың төртеуі бүгінде жылыту маусымына әзір, - дейді кеңес алдында есеп берген Орал қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Мержан Нұртазиев. Жылыту маусымына қаладағы әлеуметтік нысандар да әзір. 35 медициналық мекеменің 28-і, 49 білім беру нысанының 46-сы, 44 балабақшаның 42-сі әзірлік төлқұжатын алған. «Жайықжылуқуат» мекемесінің дайындығы 75 пайызды құрайды. Қыркүйектің соңына дейін 42 шақырымдық жылу желісін жөндеу толық аяқталады. Бүгінде мекеменің көгілдір отынға берешегі 1 млрд. теңгеден 280 млн. теңге түскен. Десекте қарыздан толық арылу үшін тұрғындардың жылуға берешегін өтеу маңызды. - Борышты қайтару ісінде Әділет департаменті және қалалық прокуратурамен бірлесе жұмыс істеудеміз. Жыл басынан бері 798 жылжымайтын мүлікке, 281 адамның шетелге шығуына тиым салынды. 150 автокөлік айып тұрағына қойылды. Осылайша қарызды қайтаруға ықпал етудеміз, - дейді «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Мұрат Байменов. - Борышкерлер жауапқа тартылуы тиіс. Қарыздың қордалануынан ыстық су жаз бойы төрт рет айырылды. Салдарынан қарапайым тұрғындар зардап шегуде. Бұдан былай ондайға жол бермейміз. Әр борышкермен тиянақты жұмыс жүреді. Жедел топтар құрылып, жұмыс істеуде. Бірақ олардан нақты нәтиже болмай отыр. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жандандырып, құқық қорғау органдары арасындағы, соның ішінде сот қызметімен байланысты нығайту керек, - деп тапсырды Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев. Жиынды қорытындылаған қала әкімі, қысқа дайын емес үйлердің және үш жатақхананың тұрғындарымен жиын өткізіп, әзірлік жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Өзге де тапсырмалар қыр астындағы қысты қысылмай қарсы алуға жағдай жасамақ. - Қалалық білім беру, мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдері, барлық әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығын, әзірлік құжаттарын 25 қыркүйекке дейін толық аяқтауы тиіс. Орал қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі, «Жайықжылуқуат» АҚ бірлесе отырып аптаның соңына дейін мекеменің газға берешегін жою бойынша жол картасын әзірлеулді тапсырамын, - деді қала әкімі. Сондай ақ Жайықжылуқуат мекемесіне Жылу электр орталығын жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу тапсырылды. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp