Оралда жаңа мектептің құрылысы аяқталды

Сарытау ауданындағы бұл білім ордасын мердігер кəсіпорын 2016-жылы тұрғызып бастады. Алайда қолға алған ісіне жауапсыз қараған компания тапсырыс берушіні жерге қаратты деуге негіз бар. Онсыз да мектептерде бала санының артуынан орын жетіспей жатырған сəтте жоба мерзімінен кешіктіріліп, уақытында тапсырылмады. Құрылысшылардың жауапсыздығынан былтыр желтоқсанда тəмамдалуы тиіс жұмыс біраз уақыт тоқтап қалған болатын. Осы келеңсіз жайттан соң жартылай атқарылған жоба өзге мердігердің қолына табысталып, соның арқасында құрылыс жалғасты. Енді мектеп ғимараты оқушыларды қабылдауға дайын болып отыр. Жақын аралықта жаңа нысан 50-ші нөмірлі мектеп ретінде есігін айқара ашпақ. -"Жобаның құны 1 миллиард 888 миллион теңгені құрайды. Құрылысы толықтай аяқтала келді. Бастапқыда тендерге ие болған "СВ-плюс" ЖШС жауапсыз мердігер ретінде танылды. Осыдан кейін құрылыс жұмыстарын "Жиенбай" құрылыс компаниясы жалғастырды. Ғимарат бір жыл кейін тапсырылғалы отыр. Біз жұмыс сапасына аса мəн береміз. Бөлінген қомақты қаражаттың игерілуінде мердігердің тиянақтылығы сыналады",-дейді БҚО құрылыс басқармасының бөлім басшысы Ақжол Қожамұратұлы. Жаңа мектептің ашылуы шаһарымыздағы 47, 10, 30-шы жалпы орта білім беретін мектептерге түсетін салмақты жеңілдетеді деп күтілуде. Қазірден бастап педагог кадрлармен қамтылған білім ошағы оқушыларды қабылауға тас түйін дайындалуда. Бүгінде сынып бөлмелеріне жиһаздар орнатылып жатыр. Информатика, география, биология кабинеттері зертханалармен жабдықталмақ. Ғимарат тоғыз блоктан құралған. Ішінде 12 оқу сыныбы, 9 әмбебап бөлме, бірнеше мультимедиялық кабинет, екі спорт зал, 294 орындық мәжіліс залы, еңбек сабақтарына арналған шеберханалар қарастырылған. Үш ауысымда білім беріп отырған мектептерден арылу үшін Орал қаласының білім беру саласында бірнеше жоба жүзеге аспақ. Сапалы білім мен тəрбие беруде аталмыш бағытта атқарар жұмыс көп-ақ. Себебі жыл санап халық саны артуда. Осы орайда мектеп құрылысына бөлінер қаражаттың дұрыс игерілуін бақылау күшейді жəне мердігерлерге артылар жауапкершілік те зор. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp