Жастардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысты көзқарасы кезекті жиындардың бірінде ортаға салынды. Ақсақалдар кеңесінің мүшелері «Ырыс алды – ынтымақ» атты дөңгелек үстел барысында студенттермен бірге Елбасымыздың стратегиялық мақаласын талқылады. Бұқаралық сананы өзгертіп, болашаққа нық қадам басу мәселелері келелі жиында тереңнен толғанды.

Сан саланы қамтитын Елбасы мақаласы өнер мен мәдениетке тікелей қатысты. Қасиетті орындар мен әр өңірдің мақтанышына айналған жерлер де осы бағдарлама арқылы насихатталмақ. Көнекөз қариялар қауымы да мұны тілге тиек етіп, жастар қауымына ұлттық ділді жоғалтпаудың маңыздылығын атап өтті.
Жастарға бұл бағдарламаны жете түсіну маңызды. Қазыналы ақсақалдардан естіген салиқалы әңгіме мен тағылымды сұқбат барысында рухани құндылықтар жөнінде көп айтылып, өнер мен мәдениет саласында қызмет атқарған ардагерлер өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттың рухани тұрғыдан жаңғырып, ескіліктен, тарихтың қалыптасу жолында сырттан кері әсерін тигізген немесе жат әдеттерден арылып, бай да, шежірелі салт-дәстүрімізді, ата-бабадан сақталып жеткен мол мұрамыздың кең қолданысқа түсуіне тың серпін беру болып табылады.
«Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым. Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек!» ҚР президентінің осы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған сөздері-стратегияны орындауға құрылған жоспардың негізі. Кездесуде ауқымды жоспарды орындау үшін аға буын мен жас ұрпақ бірлесе отырып әрекет етудің нәтижелілігі айтылды.
«Ырыс алды ынтымақ» тақырыбындағы шаралар легі енді облыстағы әр мекемеде жалғасын таппақ.
Арман КУРМАНАЛИЕВ