23 августа 2017

Тұрғындар заңсыз ақша жинап келген кооперативті сотқа бермек

Пәтер иелері кооперативімен текетірестен шаршаған қала тұрғындары оны сотқа берді. Тек ақша жинауды ғана білетін «билікқұмарлар» басқа шауып болды дейді олар. 5-ші шағын аудан тұрғындары бассыздыққа қол қусырып қарап отырмай, «Еламан» кооперативінің қаржылық-шаруашылығын тексерткен. Нәтижесінде мемлекеттік кірістер департаменті бірқатар заңбұзушылықты анықтаған. Ал ПИК иесінің өз уәжі бар.  Жеделсатының аты бар да, заты жоқ. 6 жылдан бері жұмыс істемейді. Ол аздай дәлізде былтырдан бері жарық жоқ. ПИК қызметі мен жарыққа тұрақты түрде төлеп келеміз дейді тұрғындар. Бірақ кооператив «қарызсыңдар» деуін қоймайды. Мұның салдары 1,3,4 және 5 үйлерге тиеді. Бірде кешкісін қараңғы дәлізде Надежда Солодовниковаға белгісіз біреулер тап берген сәтте, әйелдің шыдамы таусылды. Ол бірден төлем қағаздарын қайта тексеріп, жағдайды жан-жақты талдайды. Сөйтсе, олар қызмет үшін екі рет төлеп келген екен. Дәліздегі жарыққа - 200 теңге және жылуды тексеру үшін 300 теңгеден. Ал негізінде бұл төлемдердің бәрі ПИК-ке төленетін төлемақының ішіне кіреді екен. - Бізден ақша жинағанымен, Опиева ханымның 2012-2013 жылдар аралығында «Энергоресурсқа» бір тиын да салмағаны анықталды. Біз оған мән-жайды айттық. Ол «Альтаирға» сілтеді. Солардың қарызын жаптым деп. Біз «Альтаирға» да хабарластық. Оларда қарыз болмапты. Сөйтіп біз бүкіл қағаз-құжатты көтеріп, тексеріп келгенде, Опиева ханымның біздің үйлерге 790 мың теңге қарызы бар екені анықталды. Бұл қайдан шыққан қарыз? Ол әр адамнан КСК қызметі үшін ғана емес, өзі ойдан шығарған төлем үшін де тұрақты түрде ақша алып тұрды. Ол ақшаның бәрі қайда кеткен сонда? – дейді № 1 үйдің тұрғыны Надежда СОЛОДОВНИКОВА. Ақпан айынан бері Надежда Солодовникова түрлі мекеменің табалдырығын тоздырып жүр. Қақпаған есігі жоқ. Шенеуніктер иығын қиқаң еткізіп, қол жаюдан әрі аса алмай отыр. Тек прокуратураның араласуынан кейін ғана ұжымдық өтініш еленіп, тексеріс жүргізілді. - Тексеріс қорытындысы бойынша 5 млн 357 мың 036 теңге есептелген. Соның ішінде ұжымдық табыс салығы – 1 млн 277 мың 879 теңге, әлеуметтік салықтар бар, міндетті зейнеақы жарнасы да. Яғни, тұрғындардың «Еламан» ПИК-і ақшаны жинап, бірақ кассаға салмайды дегені расталды. Кітапшаларда фискальді чек жоқ. Салық заңнамасы бойынша болуы керек, - деп өз уәжін айтты заңгер Шакир СУХАНБЕРДИН. Сондай-ақ «Аква тайм» жеке кәсіпкерлігі аумақты жалға алғаны үшін «Еламанға» төлеген қомақты қаржы да кассаға түспепті. «Энергетик» жатақханасында да сол жағдай. Ол да осы кооперативке қарайды. Ал Гүлшара Опиева бұл айыптаулармен келіспейді. «Қарыз көп» деуден танбайды. - Мүлдем төлемейтін адамдар бар. Оларды қазір сотқа беріп жатырмыз. Мен кейін Тұрғын үй-шаруашылық бөліміне бардым. «Неліктен бізде бірнеше пәтерлер бос» деп жаздым. 1 млн 780 мың 190 теңге – қазір арызданып жүрген №1 үйдің қарызы. Егер осы ақша болса, біз бірдеңе жасайтын едік, - дейді «Еламан» ПИК төрайымы Гүлшара ОПИЕВА. Гүлшара ханым, сондай-ақ, өзі қызмет көрсеткен үйден пәтер де алған екен. «Оны қалай алдыңыз?» деген сұрағымызға, «ПИК төрайымы» болғандықтан берді дейді. Жаңа үйде ол 6 жыл тұрып барып, босатқан. Ал жеделсатылардың істемейтінін жоққа шығармады. Бірақ бұл оның кінәсі емес екен. Оған «Ораллифт» ЖШС бас ауыртсын дейді. - Опиева ханым жеделсатылардың дұрыс сақталуын қамтамасыз ете алмады. Ұрланып бітті. Ол бізбен келісімшарт жасаған жоқ. Оның үстіне ол жеделсатыны пайдалану жұмысын да жүргізуі керек еді. Лифтер жалдап, нысанның тазалығын сақтауы тиіс еді, - Бұл «ОРАЛ ЛИФТ» ЖШС директоры БОРИС ДЕЕВТІҢ пікірі. Ал бұл үйлер жаңа кооперативке көшкен соң, жағдай өзгерген. Жаңа қожайын «ҚАЗБАТЫССЕРВИС» ЖШС жетекшісі Нұрлан РАҚЫМЖАНОВ халықтың төлемдерді уақтылы төлейтінін, сенбілікке де белсенді қатысып, жауапкершілікпен қарайтынын айтады. Бұл коммуналдық үйлер. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі одан бас тартпайды. Бірақ  қаржылық мәселеге араласуға құқымыз жоқ дейді. Ал тұрғындар алған бетінен қайтпақ емес. Енді олар жылдар бойы заңсыз ақша жинап келген кооператив басшылығын сотқа бермек. Арман КУРМАНГАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp