28 сентября 2017

«WESTKAZINVEST-2017» жаңа инвестициялық жобаларға жол ашты

Облыста жылына бір жарым мың тонна қызанақ алынатын жылыжай құрылысы басталмақ. Орал әуежайы қайта жаңғыртылып, кәсіпкерлерге қаржылай қолдау берілмек. Бұл ІV «WESTKAZINVEST-2017» халықаралық инвестициялық форумының нақты нәтижесі. Егер өңір өндірісін сараптасақ, бізде темір сынығынан бастап кемеге дейін шығарылады. Кірпіштен мұнай-газға дейін өндіріледі. Ет, сүт, нан мен көкөністің де түр-түрі сөреде тұр. Қарап тұрсаң, бәрі бар. Бірақ әлеует бұдан да зор. Сол әлеуетті берекелі бағытқа жұмсап, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру – маңызды міндет. - Өңірдің бизнес-климатын жақсарту үшін бірқатар жобалар қолға алынды. Әкімшілік кедергілер жойылып, мемлекеттік органдардың ашықтығы алдыңғы кезекке шығарылды. Оралда «Ашық әкімдік» кеңсесі құрылды. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын, көлік-логистикалық кешен ашу көзделуде. Инфрақұрылымның жақсаруы сауда-саттық қатынасына да оң әсер етті. Мәселен, біздің өңірдің сауда айналымы 2016 жылы 4,5 млрд долларға жетті. Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен күні бүгінге дейін 280 млн. долларды құрады. 230 біріккен кәсіпорын мен 400 шетел компаниясы қалыпты жұмыс істеуде, - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ. Форумға 5 мемлекеттің - Ұлыбритания, Италия, Ресей, Өзбекстан және Қазақстан бизнес қауымдастығының, ұлттық компаниялары мен қаржы институттарының өкілдері қатысты. Бұл шетелдіктердің Батыс Қазақстан облысының нарығына қызығушылықпен қарайтынын айғақтайды. Көрші ел өңірлерінің ішінде, әсіресе, Орынбормен байланыс жетекші орында. - Біздің өңірлер арасында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету саласында әріптестік байланысымыз мығым. Соңғы жылдары екі ел арасында бірлескен кәсіпорындар саны артып, экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналды. Қос облыс арасындағы әлеуметтік-экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға әлеуетіміз зор, - деді Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы жаңа көкжиектерге жол ашты.  Бірлескен кәсіпорындар саны да артып келеді. - Бүгінде Қазақстанда Ресеймен бірлескен 13 мың кәсіпорын бар. Тек 8 айда 1200 біріккен компания тіркелген. Ал Батыс Қазақстан облысында 497 кәсіпорын бар. Бұл екі ел арасындағы тығыз әріптестіктің орнағанын айғақтайды, - деп баяндады ҚР-дағы РФ сауда өкілі Александр ЯКОВЛЕВ. Президент тапсырмасымен биыл «Казақинвест» ұлттық компаниясы құрылды. Әсіресе, мұнайгаз саласында инвесторлармен жұмыс істеген кезде бірқатар ерекшеліктерді ескеру керек дейді ҚР Мұнай-газ сервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ. Форумда өңірдегі ірі кәсіпорын басшылары бірлескен компаниялар құрудағы тәжірибесімен бөлісті. Жиын соңында 3 меморандумға қол қойылды. Олардың бірі -  ауыл кәсіпкерлеріне қаржылай қолдау көрсету. - Аталған меморандум қаржыландыруды көздейді. Ол екі кезеңді қамтып, алғашқы 300 млн. теңгені «Қаржылай қолдау қоры» биыл бөледі. 300 млн. теңге көлеміндегі қаражаттың қалған бөлігі 2018 жылы беріледі. Қомақты қаржы, шағын несиелер түрінде ауылдағы бизнесті дамытуға бағытталады, - дейді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Игорь СТЕКСОВ. Қол қойылған тағы бір меморандум жылына бір жарым мың тонна қызанақ алынатын жылыжай құрылысын салуды көздейді. Инвестор Италиядан. Үшінші келісім аясында Орал әуежайының терминалы қайта жаңғыртылмақ.  Жоба құны 1,5 млрд теңге. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp