Орал қаласында көше жолының жөнделуі мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін. Қазірдің өзінде екі нысанда жұмыс тапсырылды. Жалпы биыл шаһарда 70 шақырым жол қалпына келтірілмек.
Шаған жағалауы көшесінде жұмыс аяқтала келді. Жол жөндеу 2 апта бұрын басталған еді. Бұл аумақта Орал қаласында бірінші рет жаңа технология тәсілі пайдаланылуда. Мамандардың айтуынша, ұсақталған қиыршық тасты асфальт бетон төсеудің игілігі мол. Бұл материал жолдың тез жарылуына қарсы тұрады. Өте төзімді әрі сапасы да жоғары.
- Ұсақталған қиыршық тасты асфальт бетон басқалардан құрамы жағынан ерекшеленеді. Мұнда қиыршық тас көп. 70-80 пайыз. Және де біз жол мықты болу үшін оған белсенді заттарды көп қосамыз. Сондықтан бағасы да жоғары. Соған сай сапасы да керемет. Жол ұзақ мерзімге шыдайды. Аязға төзімді. Біз зертханада қажет минералды қоспалардың, соның ішінде битумның тиісті мөлшерде қосылуын мұқият қадағалаймыз, -дейді
«Нұрсат» ЖШС зертхана меңгерушісі Гүлсара КӨБЕКОВА.
Тақтайдай тегістеліп жатқан Сарайшықтан Пугачев көшесіне дейінгі жол бөлігінің ұзындығы 2 шақырымға жуық, ені 16 метр. Жұмысшылар екі ауысыммен еңбек етіп жатқандықтан, қазір белгіленген кестеден озу бар. Нысан мерзімінен бұрын тапсырылады. Техниканың сан алуан түрі де осында.
- Барлық көрсеткішті ескере келе, бұл материалдың жөндеуаралық мерзімді 10-15 жылға дейін көтеруге мүмкіндік беретінін байқадық. Әрине, бұл көлік қозғалысының жиілігіне, басқа да жүктемелерге тәуелді. Жаңа технология елімізідң басқа өңірлерінде кеңінен қолданылады. Ал Оралда осы жол бөлігінде бірінші рет пайдаланылды. Басқа жобаларға да қолдандаланамыз, - дейді
қалалық автомобиль жолдары секторының меңгерушісі Ержан ӘУБӘКІРОВ.
Депо, Шевченко, Исаев, Серебряков кентіндегі Даль, Орда көшелерінің жолы да жөнделіп, жұмыс аяқтала келген. Жәңгір хан көшесінің БҚАТУ-дан медколледжге дейінгі бөлігі де тегістеліп, ашылды. Айдың аяғын дейін бұл көшенің екінші жартысы да толық қалпына келтіріліп, тапсырылуы тиіс.
- Басталған жұмыстар кестеден бұрын орындалып жатыр. Оның бәрі біздің бақылауымызда. Кейбір басталған жұмыстар, нақты айтқанда 8 көшенің жолы келесі жылы жалғасын табады. Өйткені инженерлік желілер тартылуы керек, - дейді
қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің меңгерушісі Қайрат МҰХАМБЕТҚАЛИЕВ.
Биыл Орал қаласының 67 көшесіндегі 70 шақырым жол жөнделеді. Бұған барлық қаржы көзінен 8 млрд теңге бөлінген.
Арман КУРМАНГАЛИЕВ