Нұротандықтар» Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыруға белсене атсалысуда. Бұл туралы бүгін "Нұр Отан" партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының 21-ші кезектен тыс конференциясында айтылды.

Жиында Президент мақаласынан туындайтын міндеттерді орындау бойынша атқарылған жұмыс сараланып, облыстық мәслихат депутаттығына партия атынан үміткерлер ұсынылды.
Өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүйелі жүзеге аса бастады. Кешенді жоспар бекітілді. Оған 20 жоба енгізілген. Олардың қатарында ашық аспан астында музей ашу, киелі орындардың инфрақұрылымын дамыту, көне жәдігерлерді табу секілді игі істер бар. Бұл жұмыстар «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» «Атамекен» атаулы бағдарламалар арқылы жүзеге асады.
- «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына кіретін 100 нысанның тізіміне Батыс Қазақстан облысынан 6 нысан енгізу көзделуде. Олар: бірінші, ортағасырлық «Жайық» қалашығы; екінші, «Бөкей Ордасындағы тарихи-музейлік кешен, үшінші, Теректі ауданындағы Тақсай қорған кешені, төртінші, Батыс Қазақстан өңірінде «Дәдем ата» деген атпен әйгілі Жұмағазы хазірет зираты, бесінші, белгілі ақын, ойшыл-ағартушы, Алаш қайраткері Ғұмар Қараш зираты, алтыншы, Алашорда үкіметінің батыс қанаты – Күнбатыс Алашордасының орталығы болған Жымпиты ауылындағы Алаш тарихымен байланысты бірнеше ғимарат. Сонымен қатар, Жайық қалашығын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне ұсыну үшін құжаттар дайындалуда, - деп баяндады «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік СҮЛЕЙМЕН.
Әзірге киелі орындардың 100 нысанына біздің өңір бойынша нақты екі орын енгізілгені белгілі. Оның бірі Хан Ордасындағы музей кешені. Ауданда тарихи орынды түлету міндетімен қоса, «100 жаңа есім» жобасына үміткерлерді ұсыну, қайырымдылық акциялары, демеушілер есебінен әлеуметтік нысандар салу, өзге де шаралар іске асуда.
- Туған жерінің дамуына сүбелі үлес қосқан танымал тұлғалар, ақсақалдар, зиялы қауым өкілдерінің өмір жолы, естеліктері топтастырылған "Естелік кітабын" шығару, «Таза көше», «Таза ауыл», «Тал күні» акцияларын өткізу жоспарлануда, - дейді «Нұр Отан» партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген АРЫСТАНБЕКОВ.
Облыста Ақжайық өңірінің электронды энциклопедиясы әзірленуде. Өңір басшысы әсіресе, «нұротандықтарға» жүктеліп отырған міндеттің зор екенін айтып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асыруға, латын әліпбиіне көшу бастамасын қолдауда белсенділік танытуға үндеді.
Конференция соңында облыстық мәслихат депутаттығына партия атынан үміткер ретінде Тілек Шектібаев ұсынылды. Делегаттар бұл кандидатураны бірауыздан қолдады.
Арман КУРМАНАЛИЕВ