Оралда 20 ауланы абаттандыруға 500 млн теңге бөлінді.

Биыл конкурстық рәсімдер ерте аяқталған. Бес мекенжай бойынша құрылыс жұмыcтары мамыр айында басталған. Бір айдан кейін алғашқы нысандар тапсырыла бастайды. Дегенмен, облыс орталығында әлі де 109 аула жөндеуді қажет етеді.
Сұрықсыз ауламыздың қашан сәні кіреді екен дейді Северо-Восток 46/1-үй мекенжайының тұрғындары. Лариса Чукалинаның мұнда тұрғанына 30 жыл. Ол кіреберіс жолдардың тасжолға айналғанына күйінеді. Жүргізушілер кептелістен қашып, осы аула арқылы өтуді әдет қылған. Жол шұрық-тесік, ойын алаңы жоқ.
- Жолдың көретін жері жоқ. Жақында үй жанына дүкен ашылды. Одан маскүнемдер арақ алып шығады да, ішіп-жеп, айналаны күл-қоқыс етіп кетеді. Балаларды аулаға жіберуге қорқамыз. Ойнайтын да жер жоқ. Көрші үйдің ауласына барып ойнауға мәжбүр. Әкімдікке хат жаздық. Бірақ әзірге тек құр уәдемен шығарып салады, - дейді қала тұрғыны Лариса ЧУКАЛИНА
Екінші жұмысшы ауданында да халықтың аула аумағын абаттандыруды күткеніне көп болған. Енді, міне, тұрғындар тілегі орындалып, қызу жұмыс басталыпты. Қазір жиектастар орнатылуда. Жұмыстың 80 пайызы атқарылған. Бұл жерде енді жаңа орындықтар, қоқыс жәшіктері, көлік тұрағы болады. «Жұмыс басталмастан бұрын мердігерлер бізбен де сөйлесіп, талап-тілегімізге құлақ түрді», - дейді қала тұрғыны Наташа МИРОШНИКОВА.
- Бұрын ойқы-шұйқы, балшық-батпақ еді. Басқа үйлерге барғанда қызығатынбыз. Ауламызды жөндеп жатқанына тіпті әлі сенбейміз. Қатты қуаныштымыз.
Құрылысшы шағынауданында да абаттандыру басталған. Аула үлкен. Соған сай жөндеуге де 3,5 ай уақыт кетеді. Құрылыс материалдары жеткілікті. Оның дені отандық өнімдер.
Биыл конкурстық рәсімдер ерте аяқталған. Ал нысанның тапсырылу уақыты жұмыс көлеміне қарай ай жарымнан 4 айға дейін созылады. Үш жылға кепілдік беріледі. Аулаларды көбірек қамту үшін балалар алаңын орнату қарастырылмаған. Оған бөлек жоба жасалмақ.
Ағымдағы жылы қала аумағында 17 ауланы абаттандыру жоспарлануда. Және тағы үш нысан бар. Олар өткен жылы басталған жұмыс жалғасатын көшпелі нысан. Жалпы аумағында 20 ауланы абаттандыру жоспарда биыл. Қазіргі уақытта 5 аула аумағында құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кетті. Бірінші қазір демонтаж жұмыстары жүріп жатыр. Және іргетастарын орналастыру жүруде, - дейді Орал қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Мирас МҮЛКӘЙ.
Қалада 386 аула бар. Соның 277-і абаттандырылған. Қалғаны қалпына келтіруді қажет етеді. Бұған қаржы қолбайлау дейді мамандар.
Арман КУРМАНАЛИЕВ