2025 жылы төрт мың батысқазақстандық ауыз сумен қамтылмақ
Құрылыс басқармасы биыл 16 ауыл ауыз сумен қамтылатынын хабарлады.

Таза ауыз су-денсаулықтың кепілі. Биыл Батыс Қазақстан облысында 16 ауыл таза тіршілік нәрімен қамтылмақ. Бұл туралы құрылыс басқармасы хабарлады. Атқамінерлер 2025 жылы елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамту үшін 15 жобаны іске асырмақ. Тіршілік нәрімен қамту үшін қазынадан 7,9 миллиард теңге бөлініпті.Сала мамандары қазіргі таңда барлық нысандар бойынша мердігер анықталып, құрылыс жұмыстарына дайындық басталғанын хабарлады.
Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 39 ауылда кешенді блок-модулі орнатылмақ. Бұл үшін 700 миллион теңгедей қаржы қарастырылған.
Облыстық құрылыс басқармасы 2025 жылдың аяғында өңір халқының 100 пайызы орталықтандырылған тіршілік нәрімен қамтылады деп хабарлады. Жыл соңына дейін сегіз мың тұрғын сапалы сумен қамтылады деп күтілуде.
Өткен жылы Батыс Қазақстан облысының 20 ауылына орталықтандырылған ауыз су желісі тартылды. Соның арқасында 35 мыңнан астам тұрғын сапалы тіршілік нәрін тұтынып отыр. Ауыз суды тарту үшін бюджеттен 5,7 миллиард теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ 12 ауылға кешенді блок модулі орнатылыпты.