27 наурыз- Дүниежүзілік театр күні
27 наурызда әлем елдері дүниежүзілік театр күнін атап өтеді.

Әлемде мыңдаған театр бар. Оның тарихы біздің эрамызға дейінгі 534 жылдан бастау алады. Ұжымдық өнер түрлі кезеңді бастан кешіріп, адамзат атаулыны рухани байытып, тәрбиелеп келеді.
Бүгінгі таңда елімізде 70 театр жұмыс істейді. Оның 57-сі мемлекеттік, қалғаны жекенің қолында. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарына сүйенсек, 11 республикалық, 46 өңірлік театр бар. Өнер ұжымдарында тоғыз мыңға жуық маман еңбектеніп келеді. Оның 4200-і шығармашылық ұжым өкілдері екен. Бір жылдың ішінде қазақстандық мемлекеттік театрлар 200-ден астам қойылым қойды. Театр қызметкерлерін кәсіби мерекесімен мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтады.
— Театр өнері – талант пен талғам, шынайылық пен адалдықтан туған текті өнер. Осынау ерекше күні сахнада және сахна сыртында еңбек етіп жүрген барша жанды құттықтаймын! Олар – актерлер, режиссерлер, драматургтер, сценографтар, жарық және дыбыс қоюшы мамандар, костюмерлер, гримерлер, әкімшілер мен техникалық мамандар. Ең бастысы, бұл қастерлі өнерді жан-тәнімен жақсы көретін барша көрерменге алғысым шексіз. Көрерменнің ыстық ықыласы мен қолдауы театрдың мәңгілік өмір сүруінің кепілі. Сол себепті театрға келуші әрбір жанға, өнерді бағалайтын әр көрерменге де ерекше алғыс айтамын. Өнердің киелі ордасы – театр мәңгі жасай берсін! Дүниежүзілік театр күні құтты болсын!, -дейді мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Соңғы төрт жылда елімізде бес мемлекеттік театр ашылған. Министрлік қазақстандық театрлар көрермендердің көзайымына айналып, халықаралық аренадаларда да танылып келе жатқанын хабарлады. Өткен жылы өнер ұжымдары 396 гастрольдік сапарға шыққан. Оның 350-і ел ішінде, 46-сы шетелде өтіпті.