Оралда жаңа «Ақжайық» шағын ауданы мен қаланың орталығын жалғайтын көпірді салудың экологияға әсері бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Іс-шара Зачаганк кентінде орналасқан «Алтын орда» мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Қоғамдық тыңдалым барысында жаңа инфрақұрылымның фауна мен флораға, қоршаған ортаға зардабы айтылды. Жауаптылар көпірдің құрылысы кезінде табиғат анаға келетін шығынды жіпке тізді. Құрылыс барысында 1150 түп ағаш оталмақ. Сала мамандары оталған теректің орнына 11 мың тал егеміз деп сендірді. Тал-терек салынатын көпірдің маңында, Деркөл мешіті мен «Ақжайық» оңалту орталығының маңында отырғызылады деген жоспар бар.
Жауаптыларды мұқият тыңдаған қала тұрғындары мен экологтар мамандардың әрбір уәжін майшаммен қарап, сұрақтың астына алды. Өзін топырақтанушымын деп таныстырған Артур Жанғалиев есімді азамат көпір салынатын маңда топырақтың мәселесін көтерді. Ол жұмыс басталмас бұрын топырақты рекультивация жасалады ма деп сұрады. Табиғат жанашыры жұмыс басталмас бұрын топырақты құнарландыру керек деген ойынан танбады. Егер осы кешенді қадам жасалмаса, заң талаптары бұзылады деп шырылдады. Жиын соңында ол осы ойын хаттама толтырытты. Табиғат жанашырының жауаптылары сауалы көп болды. Ол мамандарды сұрақ астына алып, аргументтерін жіпке тізді.
— Таныстырған құжаттарыңызда бірде-бір нақты дерек пен сан жоқ. Сіздер қанша гектар жерді аласыздар? Топырақтың құнарлығын тексердіңіздер ме? Шаған өзенінің арнасының топырағы өңірдегі ең құнарлы топырақ салады. Бұны сіздер ескердіңіздер ме? Өзен бойында топырақтың құнарлығы 2-3 метрді құрайды. Тіпті одан да көп болуы мүмкін, - деді Артур Жанғалиев.
Ал, эколог, өңірімізге белгілі табиғат жанашыры Дархан Сариев осы Шаған өзені арқылы өтетін көпірдің жобасын жасағанда өзеннің арнасы ескерілді ме деген сауалын қойды. Ол жобалау барысында өзеннің арнасы ескерілмесе, қазіргі қалалық мәдениет және демалыс саябағын су басып немесе ол өңірде өзен суы құрғап кетеді деп дабыл қақты. Ол: "Осы зерттеуде гидрогеологтардың қорытындысы бар ма? Бар болса, кім жасағанын көрейік? Оның қандай зерттеулерге сүйеніп, өзеннің осы арнасынан көпір салуға рұқсат бергенін білгіміз келеді", деп айтты.
Жиында Дархан Сариев жануарлар әлемін сақтауға, оның ішінде жыл құстарының ұясын сақтап қалуға шақырады. Ол қалалық саябақтың қарсы бетінде құтанның ұясы барын да тілге тиек етті. Ол балықтарға келетін зардапқа тоқталып, қырылған балықтың орнына неге тұқы балығын жіберілетінін де сұрап қалды.
Ал, қала тұрғыны Светлана Ефремова Асан Тайманов көшесі, 231 үйде тұрады. Ол көпір салынған кезде құрылыс жұмыстары қатты дауыстан зардап шегеміз деп дабыл қақты. Қала тұрғыны екі жылдай жөнделген «Омега» көпірі жайлы айтты.
– Біз екі жылдай «Омега» көпірі жөнделгенде қатты дауыстың кесірінен ұйықтай алмадық. Құрылыс жұмыстары күндіз-түні жүрді. Ешкім біздің өтінішімізге құлақ аспады. Көпір жөнделіп жатыр, шыдайсыз деп кесіп айтты. Кішкентай балалар мен үлкен кісілерге обал болды. Менің үйім салынатын көпірдің қасында орналаспақ. Құрылыс кезінде қатты дауыстан зардап шегеміз. Осы дауыстың зардабын қалай есептедіңіздер?, – деді Светлана Ефремова.
Қоғамдық тыңдау барысында айтылған сындар мен ескертпелер арнайы хаттамаға енгізілді.
Естеріңізге сала кетейік, Орал қаласында «Ақжайық» шағын ауданы мен шаһар орталығын жалғайтын көпір салынбақ. Жаңа көпір жайлы Орал қаласы құрылыс бөлімі басшының орынбасары Өркен Хайридинов айтып берді.
— Көпірдің техникалық параметрлері жалпы автомобиль жолы мен көпірдің ұзындығы 4,4 шақырымды құрайды. Көпірдің өзінің ұзындығы 220 метр. Ол төрт тіректен тұрады. Екі тірек өзеннің ішінде, екеуі жағалау маңында орналасады. Жол төрт жолақты болады. Бір бағытта екі жолақтан, жаяу жүргіншілерге арналған жолақ болады. Қоғамдық көліктерге арналған аялдамаларда болады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына дайындық басталды, - деді Өркен Хайридинов.
Жаңа көпір 2028 жылдың аяғында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сала мамандары бұл құрылысты EPC жобасы деп атайды. Мердігер компания көпірдің жобасын жасап, өзі салады. Жобаның құны 35,8 миллиард теңге болуы мүмкін.