Облыс мектептерінде 3 мыңнан астам компьютерді ауыстыру қажеттілігі туындап отыр. Облыстық білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, мектептердегі 9 мыңнан астам компьютердің 30% ауыстыруды қажет етеді, техниканың 40%-ы - ескі модификациялы.
- Интернет желісіне қосылу жағынан да жағдай мәз емес. Білім беру мекемелері интернет желісіне 100 % қосылған, оның ішінде 74% кең жолақты Интернет желісінде. Бұл 2011 жылғы көрсеткіштен 4,0 % жоғары, - деп хабарлайды білім басқармасынан. - Жалпы білім беретін мектептердің 25%-ы 5-30 килобит/сек жылдамдықтағы желіге қосылған. Аудан әкімдерінің алдына бірнеше рет осы жағдайды жақсарту бойынша міндет қойылды.
Педагогтардың айтуынша, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтудың қадамдық жоспары әзірленді. 2013 жылдан бастап бұл мәселені «Көркейе бер, туған жер!» акциясы шеңберінде шешу қарастырылып отыр.
Еркін НҰРЖАН