• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • 570,48 ₸
  • 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Ақтөбе облысында 7 мектеп пайдалануға берілмек

Білім ордалары жаңа оқу жылы қарсаңында тапсырылады деп жоспарлануда.
Ақтөбе облысында 7 мектеп пайдалануға берілмек
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Ақтөбе облысында 7 120 орынға арналған 15 мектеп, сондай-ақ IT-хаб пен арнайы балабақша салынуда. Жеті мектеп жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілмек. 

Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның хабарлауы бойынша үш мектеп Ақтөбе қаласында бой түзесе, қалған төртеуі ауданда салынуда. Облыс орталығында оқу ошағы Алтын Орда шағын ауданында, Оңтүстік-Батыс-2 және Шилісай-1 тұрғын алаптарында ашылады. Ауданда төрт мектеп Мұғалжар ауданының Ащысай ауылында, Темір ауданының Кеңқияқ және Шұбарқұдық ауылдарында, сондай-ақ Мәртөк ауданының Кеңсахара ауылында пайдалануға беріледі.

Главный баннер

Мектеп құрылысының жай-жапсары облыстық әкімдікте өткен аппарат жиынында талқыланды. Ақтөбенің бас ұстазы өңірде қанша мұғалім жетіспейтінін де жіпке тізді. 

—  Бүгінде облыс мектептерінде 396 педагог жетіспейді. Мұндай қажеттілік барлық аудандарда және Ақтөбе қаласында бар. Биыл жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарын 1 362 түлек, колледждерді 605 түлек бітірді. Олардың ішінде 31 түлек грант бойынша білім алған – олар математика, физика, химия және бастауыш сынып мұғалімдері. Олар облыс мектептеріне жұмысқа орналасады. Қалған түлектер үшін 10-14 тамыз аралығында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Онда олар өзекті ұсыныстармен және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен таныса алады. Жәрмеңкелер аудандарда және облыс орталығында өтеді, – деді Бұлбұл Күзембаева.

Аймақ басшысы Асхат Шахаров құрылысты бірінші қыркүйекке дейін сапалы аяқтауды тапсырды.

Ақтөбеде салынып жатқан мектептерден бөлек, облыста он білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Оған қазынадан 3,2 миллиард теңге бөлінген. 31 мектеп үшін химия, физика, биология, STEM және робототехника пәндеріне арналған 60 заманауи кабинет 556 миллион теңгеге сатып алынуда. Оқулықтар сатып алуға 1,2 миллиард теңге бөлінді.

Жаңа оқу жылында 16 мыңнан астам бала әлеуметтік көмек алады. Бұл мақсатқа 816,9 миллион теңге қарастырылған. Сонымен қатар бес мыңнан астам бала демеушілердің қолдауымен өтетін «Мектепке жол» акциясы аясында көмек алады.

Жалпы Ақтөбе облысында 194 мыңнан астам оқушы білім алады. Бірінші сыныпқа 20 234 баланы қабылдау жоспарлануда. Күні бүгінге дейін 17 413 бала құжат тапсырған. 

Главный баннер --> after article