Қасым-Жомарт Тоқаев Амал мерекесімен құттықтады
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды көрісу күнімен құттықтады.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы барша Отандастарды Наурыз мерекесімен құттықтады. Ұлық мереке Көрісу күні бастау алады.
– Қыстан шығып, шуақты көктемге аман жеткен ағайын осы күні бір-бірімен көріседі. Жастар үлкендерге сәлем беріп, қариялардың батасын алады. Халқымыз ежелден осындай ғұрыптар арқылы бауырмалдық пен жанашырлықты, татулық пен мейірімділікті дәріптеп, ұрпақтың бойына асыл қасиеттерді сіңіре білген. Мұның бәрі қазіргі Қазақстанның Адал азамат тұжырымдамасымен толық үндеседі. Бүгінде Наурыз мейрамы алдындағы көрісу ғұрпы қайта жаңғырып, жалпыұлттық сипат ала бастады. Осы бірегей дәстүріміз еліміздің ырысты ынтымағы мен берекелі бірлігін нығайта түседі деп сенемін, - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тұрғындарға зор денсаулық, бақ-береке тіледі. Ол әр шаңырақ шаттық пен қуанышқа кенелсін деп лебізін білдірді.
Айдан аман, жылдан есен болайық!