Ерекше күнде облыс әкімі Алтай Көлгінов ауылдықтардың қуанышымен бөлісіп, гидронысанды іске қосты. Биыл өңірдегі 55 елді мекенді ауызсумен қамту көзделсе, соның 5-уі Зеленов ауданында. Әсіресе Көшім ауылы үшін мәселе өзекті болатын. Өйткені көп жылдан бері тұрғындар таза судан таршылық көріп келді. Сондықтан су мұнарасының ашылуы сияқты маңызды шараға ауылдықтар тегіс жиналды.

- «Ақ Бұлақ» бағдарламасы бойынша желі жеткізіліп, үйді-үйге су тартылды. Халық мәре-сәре. Үлкен жолдың бойында тұрамыз, көгілдір отынымыз бар, суымыз келді. Ауылдықтардың тұрмысы қаладан кем емес деп айтсам қателеспеймін. Тіршілік нәрін жеткізген жандарға алғысымыз шексіз дейді, - ауыл тұрғыны Сағытжан Бегенов.
Желіні жаңғырту сәуірде басталып, алты айда аяқталды. Барлығы 21 шақырым су құбыры алмастырылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жобаның құны 163 млн. теңгені құрап отыр.
- Әрбіреуі 250 текше метр болатын екі су құтысы, бір мұнара және су сорғы стансасы салынды. Бәрі жұмыс істеп тұр. Сапаға сай. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржы уақытылы берілді дейді, - мердігер компанияның жетекшісі Абузар Джафаров.
Облыс әкімі мен жиналған жұртшылыққа нысанның жұмысы мен орнатылған жаңа жабдықтар көрсетілді. Жалпы биыл таза сумен қамту бағытындағы жобалардың басым бөлігі аяқталады. Осының нәтижесінде орталықтанған су жүйесімен қамтылған елді мекендер көрсеткіші 44 пайызға жетпек.
- Республикалық бюджеттен 55 елді мекенді таза сумен қамтуға қаражат бөлінді. Солардың басым бөлігіндегі құрылыс жұмыстары биыл аяқталады. Ірі жобалар ғана келер жылға ауысады. Көшім ауылында 1500 адам тұрады. Бұған дейін мұнда орталықтанған ауызсу болған жоқ еді дейді, - облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Ауылдықтардың қуанышында шек жоқ. Ауызсу барлық әлеуметтік нысандар мен әрбір үйге жеткізілген.
- Жылы суға қолымды малып отырмын десе де болады. Қуанышымызда шек жоқ. Таза су келіп тұр. Бұрынғыдай алыстан ат арытып су тасуды қойдық дейді, ауыл тұрғыны Сәуле Закарина.
Тағы елу елді мекен келер жылы ауызсумен қамтылады. Оған қажет құжаттар қазір мемлекеттік сараптамадан өтуде. Оның ішінде су мәселесі өте өзекті Жаңақала ауданына тіршілік нәрін жеткізуге республикалық бюджеттен 2 млрд. теңге бағытталып отыр. Ал Зеленов ауданы бойынша кезекте Үлкен Шаған ауылы тұр.
Арман КУРМАНАЛИЕВ

Иллюстративное фото из архива "МГ"