Ел-жұрты ұмытпайды Мирпайзын Жақында С.Меңдешев ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен, аудандық «Jastar» спорт клубының» ұйымдастыруымен белгілі ұстаз, көп жылдар дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, шәкірттерімен облыс көлеміне танымал болған Байдеуов Мирпайз Абұлқайырұлын еске алуға арналған волейболдан аудандық ашық турнир өтті.

Турнирге 10 команда қатысып, бақ сынады.
Құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Асқар Мұхамбетжанов барша жарысқа қатысушыларға сәттілік тілей тұрып, елі үшін еңбек еткен ерлердің есімі ешқашан да ел жадынан өшпейтінін жеткізді. Бұдан әрі ардагер ұстаз Назымсұлу Өтешқызы ортаға шығып, Мирпайз ағаймен бірге жұмыс жасағанын тілге тиек етіп, жақсының жақсы қасиеттерін әсерлі әңгімеледі. Айтулы азаматтың мәрт болғанын, жағынуды әрі жасқануды білмегендігін жеткізіп, жылағанның жанынан, жабырқағанның маңайынан табылғандығын, бір сөзбен айтқанда нағыз ұстаз деген атқа лайықты болғандығын айтты.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Асқар Жомартұлы, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Аманғалиұлы, Мирпайз Абұлқайырұлының ағасы Нұрқайыр Абұлқайырұлы, жолдасы Назгүл Қайыржанқызы, ұлы Алмас Мирпайзұлы, бауырлары, аудандық дербес бөлім, мекеме басшылары және ардагерлер қатысты.
Мұнан кейін Мирпайз Абұлқайырұлының ағасы Нұрқайыр Абұлқайырұлы сөз алып, командаларға «қош келдің» айтып, аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлына, С.Меңдешев ауылдық округінің әкімі Ақан Болатұлына, ардагер ұстаз Назымсұлу Өтешқызына және Карманов ЖОББМ-Б директоры Асхат Жасқайратұлына ризашылығын білдіріп, Байдеуовтер әулетінің атынан алғыс табыс етті.
Есімі ел жадында сақталған, бейнесі шәкірт жүрегінде өшпестей орын алған, аяулы да асыл азаматтың құрметіне өткізілген доп додасы өте тартысты болды. Командаларда мықты дайындықпен келіп, шебер ойын өрнегін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды №3 қазақ орта мектебі командасы еншілесе, ІІ орынды С.Меңдешев ауылдық окугінің командасы, І орынды Жаңақала ауданының командасы иеленді.
Жарыстың «Үздік ойыншы» бағамын Мерхан Демеуов (Меңдешев ауылдық окугі) жеңіп алса, «Үздік шабуылшы» бағамына Нұрлыбек Сисенбаев (Жаңақала ауылы), «Үздік байланыстырушы» бағамына Рустам Бектеміров (№3 қазақ орта мектебі) ие болды.
Жарыс соңында Мирпайз Абұлқайырұлының жолдасы Назгүл Қайыржанқызы барлық турнирге қатысқан командаларға алғыс хат табыс етті. Жеңімпаз командаларға диплом және сыйлықтар берілді.
Мы дорожим каждым нашим подписчиком и читателем, поэтому, пожалуйста, внимательно ознакомьтесь с рекомендациями при комментировании.