Оралда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев пен ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов дәстүрлі әндерді шырқап, дүниежүзілік рекорд жаңартты. Әншілердің өнерін Ақжайық жұртшылығы, ұлттық университеттердің оқытушылары бақылап және GBR (Global Best Records) кітабының ресми офицері қадағалады.
60 жылдық тарихы бар Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының таратқан ақпарына сүйенсек, Хатимолла Жәңгірұлы үзіліссіз жеті сағат бойы 120 әнді шырқады. Әнші туындылардың басым көпшілігін домбырамен орындады. Сонымен қатар 16 әнді баянмен, 14-ін фортепианомен, 2 әнді эстрадалық форматта және 18 туындыны Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен шырқады.
Ал Қайрат Кәкімов алты сағат ішінде домбырамен 132 дәстүрлі ән орындады.
GBR (Global Best Records) әлемдік рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов екі рекордтың тіркелгенін мәлімдеді. Екі рекорд этномузыка санаты бойынша әлемдік рекордтар кітабына енді. Әншілер қойылған талаптарға сай ән шырқады. Олар үзіліссіз, мәтінсіз және фонограмасыз өнер көрсетуге өтініш берген.
– Екі рекорд та ойдағыдай орындалды. Бізде мынадай талаптар болды: кезінде, ХХ ғасырдың басында Ташкентте рекорд жасаймыз деген әнші 60 өлеңге келгенде мұрнынан қан кетіп тоқтаған. Ол кезде Гинес кітабы да, біздің GBR (Global Best Records) кітабы да жоқ еді. Биыл Семейде Қайрат Қапышев деген дәстүрлі әнші рекорд орнатты. Біз стандарттардың барлығын қарап, рұқсат бердік. Әр 25-30 минут сайын әншінің қалауы бойынша 10-15 минут үзіліс алуға рұқсат етілді. Өйткені адамның шаршауы, қан қысымының көтерілуі мүмкін. Әншілер алдын ала берілген тізімнен шықпауы және барлық туынды дәстүрлі ән болуы керек деген талап қойылды, – деді Қуандық Құдайбергенов.
Бірінші дүниежүзілік рекорд 20 минуттан соң, екінші рекорд араға он минут салып тіркелді.
Дүниежүзілік рекордтар кітабына енген қос әншіге екі көліктің кілті табысталды. Бұдан өзге өнер иелерін құттықтап, оларға сый-сыяпат ұсынғандар көп болды.
GBR (Global Best Records) ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармонияға екі алтын медаль берілетінін хабарлады.
Биылғы рекордтар кітабы 2027 жылдың қаңтарында Түркияның Стамбул қаласында таныстырылмақ. Халықаралық кітаптың өкілдері филармония мен қос әншіге ресми шақырту жібереді.