Биыл Батыс Қазақстан облысында индустрияландыру картасы аясында 11 жоба іске қосылады

  Соның бірқатарымен облыс әкімі Алтай Көлгінов танысты. ministr (1) Агран компаниясы сэндвич-панель зауытының құрылысын қолға алды. Өңірде жоқ өндірісті өрістету, Ресейден тасылатын өнім көлемін кемітпек. Қазіргі таңда облыстың аталған өнімге қажеттілігі жылына 150 мың шаршы метр болса, жаңа зауыттың қуаттылығы 500 мың шаршы метр. - Жобаның құны 1 млрд. теңге. Мемлекеттік қолдау шеңберінде жеңілдетілген несиеге қол жеткіздік. Технологиялық желі Корей елінен әкелінеді дейді, «Агран» ЖШС атқарушы директоры Василий Балакирев. Зауытты жыл соңына дейін іске қосу көзделіп отыр. Өз кезегінде дайын өнім елімізбен қатар, Ресейдің іргелес аймақтарына шығарылмақшы. Облыс әкімі нысан құрылысымен танысып, жобаның маңыздылығына мән берді. - Біздің облысқа қажет өнеркәсіптің бірі. Бастысы импортты алмастырып, сұранысты қанағаттандырады. Қазір облыста құрылыс қарқынды. Биылдың өзінде үш спорт кешені салынып жатыр. Ал алдағы уақытта көкөніс қоймасы бой көтереді. Олардың барлығында сэндвич-панель пайдаланылады дейді, - облыс әкімі Алтай Көлгінов. Желаев нан өнімдері комбинаты да жаңа өндірісті жолға қоймақ. Бұл үшін Италиядан замануи құрал-жабдықтар жеткізілген. Жуық арада оларды орнату басталады. - Құрал-жабдықтарға 2 млн. евродан астам қаражат жұмсалды. Ал ғимаратпен қоса есептегенде жалпы жобаның құны 1,5 млрд теңге. Мұның бәрі акционерлердің инвестициясы. Жаңа цехта макарон өнімдерінің бірнеше түрі шығарылады дейді, «Желаев» астық өнімдері комбинаты» АҚ директорының бірінші орынбасары Мереке Рақышев. «Топан» серіктестігі мұнайды қайта өңдеу мен тасымалдауда қолданатын химиялық қоспалар өндірісін жолға қоймақ. Бұл үшін арнайы база салынып, қоймалардың құрылысы қолға алынған. Мемлекеттік бағдарлама аясында іргелі жобаға берілген несиенің пайыздық үстемесі төмендетілген. - Жылына бес мың тонна қоспа дайындаймыз. Бұл Қазақстан мен көршілес елдерді қамтуға жеткілікті. Жобаны іске асыру алдында барлық қауіпсіздік талаптары ескеріліп, тиісті рұқсат алынды. Өндіріс толық қуаттылыққа көшкенде 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылады дейді, «Топан» ЖШС директоры Владимир Харчев. Индустрияландыру картасы бойынша биыл облыста құны 15 млрд. теңгенің 11 жобасы жүзеге асады. Оның үшеуіне шетелдік инвесторлар қаржы салып отыр. - Финляндия компаниялары облыста үш жобаны жүзеге асырады. Соның бірі, есік, терезе және жақын келешекте жиһаз шығаруға арналған. Екінші жоба, Орал электрик бірлескен кәсіпорны. Ол Швейцария және Түркия компанияларының қаржысы негізінде құрылып отыр. Тың өнеркәсіп өңірді жергілікті электр жабдықтарымен қамтып, шеттен тасылатын импортты төмендетеді. Үшінші жоба Иран кәсіпорындарымен бірлесе қолға аланды. Ол, алдағы уақытта аймақта мұнай-химия саласын өркендетуге жағдай туғызады. Аталған жобалар экспортқа бағытталған дейді, облыс әкімі Алтай Көлгінов. Жаңа жобалардың іске асыру арқылы 1100 жаңа жұмыс орны ашу көзделген.  Арман КУРМАНАЛИЕВ  
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp