29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының сайлауына қатысатын, тіркелген кандидаттардың саны белгілі болды. Батыс Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясының таратқан ақпарына сүйенсек, бір аумақтық сайлау округтері бойынша 581 адам ұсынылған. Бірақ осы кандидаттардың тек 551 ғана іріктеуден өтіп, тіркелген. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов 30 адамның 22-сі тіркеуге дейін, ал алтауы тіркеуден кейін өздері арыз жазып, саяси додаға қатыспау жайлы шешім қабылдағанын айтты. Екі ұсынылған кандидат сайлау жарнасын төлемей, тиісті құжаты толық тапсырылмағандықтан тіркелмей қалған.
Тіркелген кандидаттардың 73% ерлер, 27% әйел адамдар, 32,7% жастар екен.
Батыс Қазақстан облысы мәслихатына небары 30 депутат сайланбақ. Бірақ осы сайлауда кандидаттар арасында бәсекелестік жоғары болатын сияқты. Себебі, 15 орынға партиялық тізімге енген кандидаттар жайғаспақ. Қалған 15 орындыққа бір мандаттық округ бойынша сайланған депуттаттар отырады.
2026 жылдың бірінші қарашада жарық көрген мәліметке сәйкес, Облыстық мәслихат сайлауында бес партия сынға түспек. Партиялар 53 кандидаттың тізімін берген. «Қазақстанның халық партиясы»-3 кандидат, «Ауыл» партиясы- 6 кандидат, Respublica партиясы-8 адам, «Ақ жол» партиясынан 6 депутаттыққа үміткер, «Әділет» партиясы бірден 30 адамды кандидаттыққа ұсыныпты.
Бір мандаттық сайлау округтерінде 49 кандидат тіркеліп, сайлауға түскелі жатыр. Депутат болғысы келетін жандардың 18-і саяси партиядан, қалған 31 адам өзін-өзі ұсынғандардың қатарынан екен.
— 134 бірмандаттық аудандық аумақтық округтер бойынша 416 кандидат оның ішінде 169 – саяси партиядан, 247 – өзін-өзі ұсыну арқылы, ал 24 бірмандаттық Орал қалалық аумақтық округтері бойынша 86 кандидат тіркелді, оның ішінде 38 – саяси партиядан, 48 – өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылғандар, – деді Батыс Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов.
Тіркелген кандидаттар бірінші қараша сағат кешкі 18:00-ден кейін үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Бір мандаттық сайлау округтерінен сайлауға түскен кандидаттарға республикалық бюджет есебінен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге ақы береді. Кандидаттар қазына қаржысын үш бағытта жұмсай алады. Олар теледидар, радиоға хабарға қатысып, сайлау алды бағдарламасын таныстыра алады. Газетке екі мақаласының ақысын төлейді. Кандидаттардың көлік шығындары мен үгіт-насихатқа арналған үнпарақтарын басып шығаруға мұрындық болады.