Батыс Қазақстан облысында тозығы жеткен электр бағаналары көп. Жел үп етсе, жарық сөніп қалады. Соның зардабын тартып отырғандар көп. Биыл бұл мәселені шешу үшін облыстық энергетика басқармасы Бөрлі-Шыңғырлау-Қаратөбе бағытында әуе электр желілерін алмастыруға кірісті. Бұл туралы Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов өңірлік коммуникациялар алаңында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында айтты. Ол "осы жоба аясында Бөрлі және Пугачев ауылдарының, Ақсай қаласының ескі Аралтал шағынауданының 10кВт және ішкі 0,4 кВт әуе желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр",- деп хабарлады.
- Ауыл тұрғындарын үздіксіз электрмен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен Қанай ауылында 320 дана темірбетон бағаналарын және 8,3 км 0,4 кВт әуе желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны - 25,7 миллион теңге. Бұл ретте жергілікті атқарушы орган қажетті материалдарды сатып алуды қамтамасыз етсе, электр желілерін тарату ұйымы тіректерді орнату мен желілерді ауыстыру жұмыстарын жүзеге асырады.Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда, - деді Еркебұлан Ихсанов.