• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • € 570,48 ₸
  • ₽ 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Бөрлі ауданында 33 сайлау учаскесі жұмыс істемек

29 қарашада мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді.
Бөрлі ауданында 33 сайлау учаскесі жұмыс істемек
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

29 қарашада Қазақстанда мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Осы саяси науқанда Бөрлі ауданында 33 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Бұл туралы Бөрлі ауданының аумақтық сайлау комиссиясы мәлімдеді.

Ауданда орналасқан 33 сайлау учаскесінің 15-і Ақсай қаласында, қалған 18-і ауылда орналасқан. Осы сайлау учаскелерінің жұмысын 215 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі үйлестіреді.

 — Учаскелік сайлау комиссияларының құрамы аудандық мәслихаттың 2023 жылғы шешімімен бекітілген. Сонымен қатар тұрғылықты жерінің, жұмыс орнының өзгеруіне және басқа да объективті себептерге байланысты комиссиялардың құрамын жаңарту қажеттілігі туындайды. Осыған орай, ағымдағы жылдың қазан айында учаскелік сайлау комиссияларының құрамы 12,5%-ға жаңартылды, – деп хабарлады Бөрлі ауданының сайлау комиссиясы.

Сайлау күнтізбесіне сәйкес, дауыс беру учаскілері сегізінші қарашадан бастап өз жұмысына кіріседі.

Бөрлі аудандық сайлау учаскелерінің 11-і білім беру ұйымдарында, екеуі денсаулық сақтау ұйымдарында, 18-і мәдениет мекемелерінде, екеуі спорт кешендерінде орналасқан.

Тұрғындарға маңызды таңдау жасауда еш кедергі келтірмеуі шарт. Қазіргі таңда сайлау учаскелері саяси науқанға әзірленіп жатыр.

 — Қазіргі уақытта учаскелік сайлау комиссиялары орналасқан ғимараттардың іргелес аумақтары мен үй-жайлары тиісті жағдайға келтірілген. Автокөліктерді қоюға арналған орындар қарастырылған. Мектептердің, спорт кешендерінің және денсаулық сақтау ұйымдарының ғимараттарына кіреберісте жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға көмек шақыруға арналған дабыл түймелері (қоңыраулар) орнатылған. Барлық 33 сайлау учаскесі ғимараттардың бірінші қабаттарында орналасқан және қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Үй-жайларда жиһаз, кеңсе тауарлары, компьютерлік техника және байланыс құралдары бар, –деп хабарлады Бөрлі ауданының аумақтық сайлау комиссиясы.

Әсіресе, мүгедектігі жандарға қолайлы жағдай жасау маңызды. Сайлау күні ауданда инватакси қызметі іске қосылмақ. үйде дауыс беремін деп шешкен жандар баспанасынан шықпай-ақ таңдау жасай алады.

 — Мүгедектер арбасын пайдаланатын сайлаушылар үшін үстелінің биіктігі ыңғайлы, арнайы жабдықталған кабиналар қарастырылған. Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға сайлау бюллетеньдерін өз бетінше толтыруға мүмкіндік беретін Брайль қарпімен және тактильді белгілермен жабдықталған арнайы трафареттер дайындалған. Сонымен қатар барлық 33 сайлау учаскесінде мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы бұрыштар жабдықталуда. Әр бұрышта компьютер, құлаққап, үстел шамы және нашар көретін сайлаушыларға арналған үлкейткіш әйнектер орналастырылатын жеке үстел қарастырылған. Бұдан бөлек, сайлаушыларға қажетті ақпаратты қамтитын аудиожазбалар мен сайлау бюллетеньдерін өз бетінше толтыруға арналған трафареттерді дайындау жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлады Бөрлі ауданының аумақтық сайлау комиссиясы.

2026 жылдың тамызындағы дерекке сүйенсек, Бөрлі ауданында мүгедектігі бар 1088 сайлаушы өмір сүреді.Оның 92-сі мүгедектер арбасын пайдаланады, 34 сайлаушының есту қабілеті, ал 88 сайлаушының көру қабілеті бұзылған. Аудандық сайлау комиссиясының мүшелері бұл көрсеткіштер өзгеріске ұшырауы мүмкін екенін айтады. Сол себепті комиссия мүшелері аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік қорғау бөлімінің мамандарымен бірлесіп жұмыс істемек. Сайлаушылардың саны 18 қараша нақты белгілі болмақ.

Естеріңізге сала кетейік, Бөрліде аудандық мәслихат сайлауына 39 кандидат тіркелді. Алғашында 41 адам құжатын өткізбек болып, тіркелмекші болыпты. Алайда тіркеуге дейін екі адам өтініш қайтарып алған. Бөрлі ауданының мәслихатына 13 депутат сайланады. Тіркелген кандидаттардың 22-сі өзін-өзі ұсынған. Ал, 17 адамның тізімін саяси партиялар берген. 

Бөрлі ауданында 38 мыңнан астам адамның дауыс беру құқығы бар. Сала мамандары нақты сайлаушылардың саны 18 қарашадан соң белгілі болатынын айтады. Сегізінші қарашаға дейін жергілікті әкімдіктер Бөрлі ауданының аумақтық сайлау комиссиясына азаматтардың тізімін береді.

Тіркелген кандидаттар бірінші қараша сағат 18:00-ден кейін үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Олар 27 қарашаға дейін сайлаушылармен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырады. 29 қарашада сайлау өтеді.

Жалпы биыл Батыс Қазақстан облысында 551 адам мәслихат депутаты болғысы келіп, саяси науқанға түскен. Батыс Қазақстан облысының депутаты боламын деген жандардың қарасы қалың. Бес партия 53 кандидатын ұсынса, 15 бірмандаттық сайлау учаскесі арқылы 49 кандидат тіркеліпті. Ал, Батыс Қазақстан облысы мәслихатында небары 30 орын бар.

29 қараша өтетін мәслихат депутаттарының сайлауын қоса есептегенде Қазақстанда екі сайлау, бір референдум өтті. Әуелі қазақстандықтар наурызда Конституцияның өзгеруіне байланысты дауыс берсе, тамызда Құрылтай депутаттарын сайлады. Енді міне облыстық, қалалық, аудандық депутаттарды таңдайды.