29 қарашада қазақстандықтар мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, халық қалаулысын таңдайды. Қазіргі таңда барлық кандидаттарды тіркеу аяқталды. Өзін-өзі ұсынғандар 27 қазанға дейін құжат тапсыруы керек еді. Ал, партия атынан сынға түсетіндердің уақыты 1 қараша сағат 18:00 деп белгіленді. Жергілікті әкімдіктер іріктеуден өткен, қолына кандидат деген тіркеу қағазы бар жандардың тізімін жариялап жатыр.
Бірінші қарашада Бөрлі ауданының аудандық сайлау комиссиясы заңнамалық талаптарға сай келіп, іріктеуден сүрінбей өткен жандардың тізімін жария қылды. Кандидаттардың есімін Бөрлі ауданы әкімдігінің сайтынан көріп, танысуға болады.
Жалпы ауданда 13 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бар. Әр округтен үш кандидат сайлауға түскелі жатыр. Округ тұрғындарының ең көп дауыс жинағаны депутат атанбақ.
Кандидат атанып, сайлауға түскен жандардың ең үлкені 1966 жылы дүниеге келген. Ең жас кандидат 2000 жылы туған. Депутат болғысы келетін жандардың мамандығы да әртүрлі. Бірі ұстаздық қызмет атқарса, енді бірі-дәрігер, мемлекеттік мекеменің басшылары да сайлауға түсіп жатыр. Бұдан бөлек, аудандық партия төрағасы мен экономист, қоғамдық бірлестіктің өкілдері мен шаруа қожалығының басшылары, уақытша жұмыссыз деп тіркелген кандидат пен жекеменшік компанияның директоры саяси додаға қатысуда.
Бірінші қарашадан бастап ел аумағында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу басталды. Осы кезең 27 қарашаға дейін жалғаспақ. 28 қараша күні тыныштық күні деп белгіленді. Ал, 29 қараша жексенбі күні қазақстандық мәслихат депутатына үміткерлер үшін дауыс береді.
Өткенде Орталық сайлау комиссиясы әрбір кандидат үшін агитациялық жұмыстарды орындауға арналған шекті сомманы бекітті. Осылай облыстық мәслихат депутаттығына үміткер адамға 700 мың теңге беріледі. Бұл қаражаттың 410 мың теңгесі Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлаушыларына өзінің бағдарламасын таныстыруға жұмсалады. Кандидат теледидар немесе радио хабарға қатысып, газетке екі мақала жазып тапсыра алады.
Ал қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттарға 600 мың теңге, аудандық мәслихат депутаты боламын деп тіркелген жандарға 500 мың теңге бөлінді.
Саяси науқанға қатысып, сайлауға түскен жандар бөлінген қаражатты тек бұқаралық ақпарат құралдары, көлік-логистика шығындары мен үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру шаралары мен үнпарақ шығаруға жұмсай алады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қазақстандықтар 15 наурызда Конституцияны өзгертуге байланысты референдумда дауыс берді. Кейін, 23 тамызда жаңа Ата заңға сәйкес Құрылтай депутаттарының сайлауында да таңдау жасады. Енді міне үшінші саяси науқан 29 қарашада ұйымдастырылмақ.