• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • € 570,48 ₸
  • ₽ 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Бөрліліктер жаңа жолдауды талқылап, ойларын ортаға салуда

28 қазанда президент жаңа жолдауын жариялады.
Бөрліліктер жаңа жолдауды талқылап, ойларын ортаға салуда
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

28 қазанда мемлекет басшысы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты жолдауын жариялады. Президент ел алдындағы жаңа міндет пен белесті таныстырды. Оның бастамасымен 2027 жыл-Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп белгіленді. Жаңа жолдауға сәйкес ел аумағында ауқымды құрылыс жүргізілмек. Президенттің тапсырмасына сәйкес Қазақстанда жаңа мектеп, аурухана мен сегіз перинаталды орталық, мәдениет және спорт ғимараттары салынып, тозығы жеткендері жөндеу көрмек. Келер жылдан бастап инфрақұрылымда жаңармақ.

Президент осы жолдауында ең төменгі жалақы мөлшерін көбейтуді тапсырды. Жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы 110 мың теңгені өспек. Қазір ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгені құрайды. Жаңа жылдан бастап 40 пайызға дейін учаскелік дәрігерлердің жалақысы артады.

Жаңа жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығын қолдау да айрықша екпін салды.

Мемлекет басшысы мұғалімдердің құқығын қорғауды тапсырды. Ол мәселе туындаса, оқушы, ата-ана мен ұстаздардың құқығын түгел зерттеуді жүктеді. Бұл міндетті Оқу-ағарту министрлігі атқармақ.

Бөрлі ауданының қоғамдық өміріне белсене ат салысып, ойын бүкпей айтатын Әтір Идгеева президенттің көмекті шын мұқтаж жандар алады деген пікіріне байланысты ойын ортаға салды. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мынандай ойымен бөлісті.

— Мемлекет басшысының әлеуметтік көмекті шын мұқтаж азаматтарға бағыттау және реформаларды халықтың жағдайын ескере отырып жүзеге асыру жөніндегі пікірі маңызды. Әлеуметтік қолдау әрбір мұқтаж отбасының тұрмысын жақсартуға, балалардың сапалы білім алуына және азаматтардың лайықты өмір сүруіне мүмкіндік беруі тиіс. Сонымен қатар жаңа жүйелерді енгізбес бұрын оларды мұқият тексеріп, пилоттық режимде сынақтан өткізу қажет деп санаймын. Бұл көмекке шынымен мұқтаж адамдардың қолдау шараларынан тыс қалмауына мүмкіндік береді. Ең бастысы, әлеуметтік саясаттың мақсаты тек жәрдемақы төлеумен шектелмей, халықтың әл-ауқатын арттыруға, жұмыспен қамтуға және әр азаматтың өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасауға бағытталуы керек. Өйткені халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – баршамыз үшін маңызды міндет, -деп жазды Әтір Идгеева.

Аудан тұрғыны Әли Бектұрғанов инфрақұрылымды дамыту мәселесі жайлы пікірімен бөлісті. Ол Ұлттық қордың қомақты қаржысы тұрғындардың игілігіне жұмсалғанына дән риза. Желі қолданушысы Бөрліде ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатырған да еске салды.

— Мемлекет басшысы өз жолдауында Ұлттық қор қаражаты халыққа нақты пайдасын тигізетін жобаларға жұмсалуы керектігін атап өтті. Әсіресе, денсаулық сақтау саласына көңіл бөлініп, жаңа нысандардың салынуы – халық үшін үлкен мүмкіндік.Бүгінде ауданда көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.Осындай жаңалықтарды естігенде, әрине, қуанасың! Өйткені бұл – біздің жақындарымыздың денсаулығы, балаларымыздың болашағы. Әрбір отбасы сапалы медициналық көмекке қол жеткізіп, ерекше балалар қажетті қолдауды алса екен дейсің. Елімізде осындай игі істер көбейіп, халықтың игілігіне қызмет ете берсін!, – деп жазды Әли Бектұрғанов.

Бөрлі ауданының тұрғыны Алтынай Баймұратова денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған жоспарға байланысты ойын пікірін білдірді. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп пікірін білдірді.

— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын тыңдап отырып, денсаулық сақтау саласының қызметкері ретінде Ұлттық қор қаражатын халықтың игілігіне бағыттап, медициналық нысандарды салу бастамасының маңыздылығын атап өткім келеді. Жаңа ауруханалар, перзентханалар, жедел медициналық көмек станциялары мен оңалту орталықтарының ашылуы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, құрылыс сапасын қатаң бақылау және қаражатты тиімді пайдалану маңызды. Себебі сапалы медициналық инфрақұрылым – халық денсаулығын нығайтып, адам өмірін сақтаудың маңызды кепілі!, – деп жазды Бөрлі ауданының тұрғыны.