Өткен жылы Орал қаласында "Отбасын қолдау орталығы" ашылды. Өңірімізде осындай 13 орталық жұмыс істейді. Олардың 12-сі аудан орталығында орналасқан. Біреуі облыс орталығында қызмет көрсетеді. Ел аумағында осындай 161 мекеме ашылды.
Орталықтың қызметі қандай? Оған кімдер жүгіне алады? Осы сауалдарымызды мекеменің басшысы Ақтоты Жұбатовадан сұрадық.
- Мекеменің басты мақсаты - өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтап, оларға психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік тұрғыдан кешенді көмек көрсету, - деді Ақтоты Сағынқызы.
Орталыққа "111" бірыңғай байланыс орталығы арқылы кез келген тұрғын хабарласа алады. Түскен өтінімдер тәулік бойы, демалыссыз қабылданады.
- Мен үшін жұмыс уақыты түнгі сағат 12-де де, түскі сағат бірде де тоқтамайды. Бірде түн ортасында "111" қызметінен шұғыл хабар түсті. Жас педагог әйел қатты күйзеліске түскен. Онымен түнгі сағат бірден үшке дейін телефонмен сөйлесіп, ертеңіне орталыққа шақырдым. Балалар үйінде өскен, жоғары білім алған, ағылшын тілін еркін меңгерген білікті маман отбасындағы кикілжіңнен әбден қажыған. Жиырма күн бойы үзбей сөйлесіп, қолдау көрсеттік. Ақыры өз-өзіне келіп, жұмысына қайта оралды. Әр дабылдың артында адам тағдыры тұр, - дейді орталық директоры.
Қиын жағдайға тап болған жанұяларды дер кезінде анықтау үшін қала әкімінің өкімімен 490 адамнан тұратын арнайы мобильдік топ құрылған. Оның құрамында учаскелік және ювеналды полиция инспекторлары, 53 мектептің директоры мен әлеуметтік педагогтары, психологтар және емханалардың патронаж мейірбикелері бар. Олар арнайы FCM Social мобильді қосымшасы арқылы кез келген мекенжайдан жедел хабарлама жібере алады.
Биыл қосымша арқылы 830 дабыл түсіп, азаматтарға 890 түрлі қызмет көрсетілген. Ең көп сұранысқа ие бағыт - заңгерлік кеңес. 401 адамның сұрағына заңгерлер жауап берген. Тұрғындар көбіне алимент өндіру, бала құқығы, құжат рәсімдеу және балабақша кезегіне тұру мәселелерімен келеді. Сонымен қатар пробация есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу үшін прокуратура, жеке сот орындаушылары, банктер мен «Мансап» орталығының қатысуымен тұрақты түрде ашық есік күндері өткізіледі.
Орталық мамандары мұқтаж отбасыларға бір реттік азық-түлік немесе киім-кешекпен көмектесумен шектелмей, оларды кәсіпке баулуға күш салады.
Колледждер мен жеке кәсіпкерлердің қолдауымен тегін шеберлік сабақтары өтеді. Айына екі рет көпбалалы отбасылардың балаларына, қарттарға және пробация есебіндегі жандарға тегін шаш қию қызметі ұйымдастырылады.
Тұрақты жұмысқа шыға алмайтын аналар мұнда тігін тігуді үйретеді. Кейін оларға демеушілер есебінен тігін машиналары алынып, үйде отырып тапсырыс қабылдауға мүмкіндік жасалады.
Айына бір рет нүктелі массаж курсына ер адамдар мен мүгедек баланы тәрбиелеп отырған жандардың қызығушылығы көп.
Онлайн курстан өтіп, емтихан тапсырған азаматтарға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сертификаты беріледі.
- Бізге жетінші сәбиін күтіп жүрген, жалдамалы пәтерде тұратын ана келді. Демеушілер арқылы айына екі рет азық-түлікпен көмектесеміз. Бірақ басты мақсатымыз — оған тігін үйретіп, өз кәсібін бастауға жол ашу. Мен үнемі "адамға балық бергенше, қармақ берген дұрыс" деп айтамын, - дейді орталық басшысы.
Мекеме қызметінің тағы бір маңызды бағыты - неке мен отбасы құндылықтарын сақтау. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасымен мұнда некеге дейінгі оқыту курсы қолға алынған. Бес модульден тұратын бағдарламада қаржылық сауаттылық, отбасы психологиясы, репродуктивті денсаулық және заң талаптары түсіндіріледі. Соңғы екі айда жеті топ осы курсты аяқтап шыққан.
Соттармен, ювеналды сотпен және АХАЖ бөлімдерімен жасалған меморандум аясында мамандар ажырасуға өтініш берген ерлі-зайыптылармен арнайы кездесіп, медиаторлар мен аналар кеңесінің көмегімен татуластыру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ орталықта балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелерге де тұрақты қолдау көрсетіледі.
Көпшілік біле бермейтін тағы бір жайт - орталыққа әлеуметтік жағдайы жақсы, тұрақты қызметі бар азаматтар да жиі келеді. Олар көбіне жанұядағы шиеленісті шешу үшін жеке психологтың кеңесіне жүгінеді.
Отбасын қолдау орталығының жанында тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар тұлғаларды уақытша паналату бөлімі жұмыс істейді. Өткен жылы мұнда полицияның жолдамасымен 11 отбасы орналастырылған.
Егер зорлық-зомбылық фактісі толық расталып, азамат жәбірленуші деп танылса, ол арнайы дағдарыс орталығына жіберіледі. Ал Отбасын қолдау орталығы ерлі-зайыптылардың алғашқы жанжалы мен кикілжіңі ушығып кетпей тұрып, оларды медиация және психологиялық көмек арқылы реттеуге күш салады. Былтыр орталықты паналаған 11 отбасының барлығы бір жылдық сүйемелдеуден кейін шаңырақтарын сақтап қалған.
Орал қаласының "Отбасын қолдау орталығына" кез келген тұрғын жүгіне алады. Шұғыл жағдайларда "111" бірыңғай байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді.