2026 жылдың бірінші қазанындағы мәліметке сәйкес, Бөрлі ауданында 38046 адам сайлауға қатысып, дауыс беру құқығына ие. Алайда Бөрлі ауданының аумақтық сайлау комиссиясының хабарлауы бойынша сайлаушылардың саны әлі өзгеруі мүмкін. Сайлау учаскелеріне жергілікті әкімдік дауыс берушілердің тізімін тапсырғаннан кейін сайлаушылардың саны нақтыланбақ.
Аудандық сайлау учаскелерінің қызметкерлері он күннің ішінде 18 қарашадан кешіктірілмей, сайлаудың өтетін орны мен күні жайлы ақпаратты хабарлауы керек.
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылдың 29 қарашасында Қазақстанда мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Сайлаушылар облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарын таңдайды. Бөрлі аудандық мәслихатының депутаттарын сайлау бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша өтеді.
Бөрлі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының келтірген мәліметіне сүйенсек, биыл осы сайлауға ауданнан 39 кандидат тіркелген. Саяси додаға 41 аудан тұрғыны өтініш берген. Бірақ екі тұрғын тіркеу аяқталмас бұрын өтініштерін қайтарып алыпты.
Тіркелген кандидаттардың 22-сі өзін-өзі ұсынғандар болса, 17 адамның тізімін саяси партиялар берген. «Әділет» партиясынан – 13 кандидат, «Ақ жол» партиясынан – 2 кандидат, «Ауыл» партиясынан – 1 кандидат және Қазақстанның Халық партиясынан – 1 кандидат тіркелді.
Бөрлі ауданында 13 сайлау округі бар. Әр округте жеңіске жеткен кандидаттар мәслихат депутаты болмақ. Кандидат атанып, сайлауға түскен жандардың ең үлкені 1966 жылы дүниеге келген. Ең жас кандидат 2000 жылы туған. Депутат болғысы келетін жандардың мамандығы да әртүрлі. Бірі ұстаздық қызмет атқарса, енді бірі-дәрігер, мемлекеттік мекеменің басшылары да сайлауға түсіп жатыр. Бұдан бөлек, аудандық партия төрағасы мен экономист, қоғамдық бірлестіктің өкілдері мен шаруа қожалығының басшылары, уақытша жұмыссыз деп тіркелген кандидат пен жекеменшік компанияның директоры саяси додаға қатысуда.
Бірінші қарашадан бастап тіркелген кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Агитация науқаны 27 қарашадан 28 қарашаға қараған түні тоқтатылады. 28 қарашада тыныштық күні, 29 қараша сайлау күні болып бекітілді.
Өткенде Орталық сайлау комиссиясы әрбір кандидат үшін агитациялық жұмыстарды орындауға арналған шекті сомманы бекітті. Осылай облыстық мәслихат депутаттығына үміткер адамға 700 мың теңге беріледі. Бұл қаражаттың 410 мың теңгесі Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлаушыларына өзінің бағдарламасын таныстыруға жұмсалады. Кандидат теледидар немесе радио хабарға қатысып, газетке екі мақала жазып тапсыра алады.
Ал қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттарға 600 мың теңге, аудандық мәслихат депутаты боламын деп тіркелген жандарға 500 мың теңге бөлінді.
Саяси науқанға қатысып, сайлауға түскен жандар бөлінген қаражатты тек бұқаралық ақпарат құралдары, көлік-логистика шығындары мен үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру шаралары мен үнпарақ шығаруға жұмсай алады.
2026 жылдың екінші қарашасындағы мәліметке сүйенсек, биыл Батыс Қазақстан облысында 551 адам мәслихат депутатты болғысы келіп, аумақтық сайлау комисиясында тіркелген. Ал, өңірде өтініш бергендердің саны 581 адамды құрапты. 30 адамның 22-сі тіркеу аяқталмай тұрып, өтініштерін қайтарып алған. Алты адам сайлауға тіркелу үшін жарнасын төлемей, құжаттарын дұрыс тапсырмаған көрінеді. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов мәлімдеді.
Мәслихат депутаттарының сайлауында бәсекелестік жоғары. Тіркелген кандидаттардың саны да көп. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының мәслихатына небары 30 адам ғана сайланады. Бірақ саяси партиялар 53 кандидаттың тізімін берсе, 49 тұрғын өзін-өзі ұсыну тәртібі бойынша бірмандаттық аумақтық округ бойынша тіркелген. Жалпы 102 кандидат тіркелген.
Бұған дейін қазақстандықтар 15 наурызда Конституцияны өзгертуге байланысты референдумда дауыс берді. Кейін, 23 тамызда жаңа Ата заңға сәйкес Құрылтай депутаттарының сайлауында да таңдау жасады.