ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында этноауылда батысқазақстандық өнер ұжымдарының шеруі өтті.

Иллюстративное фото с сайта ticketon.kz
Дәстүрлі ән, күй, би өнерін насихаттап жүрген оркестр, ансамбль өнерпаздары ұлттық құндылықтарды паш етті. Ерекше шараға үлес қосқандардың қатарында аудандық өнер ұжымдары да бар. Өңірден келген көкпаршылар, тоғызқұмалақшылар, басқа да спорт ұжымдары шерудің айшықты өтуіне атсалысты.
Ұлттық өнерді ұлықтаған шараға ұзын саны 300-дей мәдениет қызметкері қатысты. Олардың қатарында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары, облыстық халық шығармашылығы орталығының ән-би ансамбльдері бар. Сондай-ақ шеруде Ақжайық, Жаңақала, Зеленов, Қазталов, Тасқала, Қаратөбе аудандарының шығармашылық ұжымдары барша сән-салтанатымен жүріп өтті. Шілденің 30-ынан бері ақшаңқан киізүйлерде өз туындыларын көпшілікке ұсынған 21 шебер де осы шарадан табылды.
Бұдан соң этноауылда салт-дәстүрдің ең озық үлілері көрініс тапты. Құда түсіп, сырға салып, келін түсіріп, той тойлаған ежелгі ата-баба жоралғысы батысқазақстандық өнерпаздардың күшімен өте шынайы қойылды.
Ал қолөнер шеберлері мен суретші-мүсіншілер күнделікті жұмысына кірісіп кетті. Оларға тапсырыс берушілер де көп. Танымал боксшылар Данияр мен Дәурен Елеусіновтің ата-анасы да оралдық қолөнершілерден гобилен мен күміс бұйымдар сатып алды.
Қазақтың кім екенін танығысы келген әр шетелдік, әрине, этноауылға ат басын бұрады. Көрме-көріністер арқылы ұлттың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына, тұрмысы мен мәдениетіне, шежіре-тарихына қаныққандардың әсері бөлек.
- Сіздердің жан-жақты өнерлеріңізді тамашалау өте қызық мен үшін. Салт-дәстүрлерінің ерекше екен. Әрине, ұлттық музыка таңғалдырды. Оны тыңдаудың өзі бір ғанибет, - дейді Финляндиядағы Хельсинки қаласының тұрғыны Аннели СИЛЬВЕНТОЙНЕН.
Италиялық бизнесмен Лучано ПАЛЬЕРИЧЧИ:
- Қазақ мәдениетімен танысқаныма қуаныштымын. Сонау өткен ғасырдағы қазақ елі мен бүгінгі Қазақстанды осылайша көрсету – керемет идея. Маған қатты ұнады, - деп тамсанады.
Ал қазір Мәскеуде тұратын қазақ РАУШАН ҚАНАПИЯНОВА жалпы этноауылдар жайлы ой-пікірімен бөлісті.
- Этноауылдар қазір кез келген мемлекетте бар. Бірақ әрбіреуі әр түрлі. Өзіндік бояуларымен ерекше. Ал өзіміздің этноауылдың ауқымдылығына, әсемдігіне тәнтімін. Шетте жүрсем де, қазақ екендігіме мақтанамын.
Шерумен басталып, театрландырылған көріністермен жалғасқан шығармашылық ұжымдардың өнері амфитеатрдағы концертке ұласты. Күмбір күй мен дәстүрлі ән, ұлттық би салтанаты бір сәтке де үзілмеді. Бұл бір ерекше ұйымдастырылған шара болуымен есте қалды.
Осы уақыттарда Астананың әр түкпірінде батысқазақстандық өзге де өнер ұжымдары өнер көрсетіп жатты. Солардың бірі, Конгресс-холда ұйымдастырылған облыстық эстрадалық-симфониялық оркестрдің концерті. Жалпы облыс күндері аясында елордада құрамында 700-дей мәдениет қызметкері бар шығармашылық ұжымдар қатысуда.
Арман КУРМАНГАЛИЕВ