Орал қаласының тұрғындары Хадиша театрында жөндеу жұмыстарының аяқталғанын тағатсыздана күтіп жүр. Ғимарат 2023 жылы әуелі жөндеуге, кейін реставрациялық жұмыстарға жабылды. Атқамінерлер өнер ордасы әне ашылады, міне ашылады деп болжамды уақытын айтып келеді. Бірақ көрерменге есігін айқара ашқан театр ғимараты жоқ.
Жөндеу жұмыстарының аяқ-алысын жауаптылардан біле алмай, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевке сұрау салдық. Әкімдік сауалдарымызды облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасына жіберді.Басқарма сұрақтарымызды қазақ драма театрдың директорына жолдады.
Хадиша театрының директоры Нұржан Тасболатовтың берген жауабына сәйкес, ғимараттың реставрациялық жұмыстары 2026 жылдың 10 желтоқсанына дейін жалғаспақ. Бүгінгі таңда театрдың реставрациялық жұмыстары 83 пайызға аяқталған.
Реставрациялық жұмыстар барысында ғимараттың қасбетін әрлеу, ішкі монтаждау жұмыстары, инженерлік желілерді орнату, жылу жүйесін қалпына келтіру, гидрооқшаулау, демонтаждау жұмыстары, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін орнату, автоматты өрт сөндіру жүйесін, өрт дабылын орнату, театрды сахналық жабдықтармен қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа да қажетті жұмыстар қарастырылған екен.
Қазіргі таңда мердігер мына жұмыстарды орындап, межелі міндетін атқаруда.
- Демонтаж - 100%
- Гидроизоляция - 100%
- Қасбет жұмыстары - 100%
- Отмостка - 100%
- Жылыту жүйесі - 100%
- Сумен жабдықтау - 98%
- Кәріз жүйесі - 100%
- Автоматты өрт сөндіру жүйесі - 60%
- Өртке қарсы жабдықтар - 90%
- Ішкі әрлеу жұмыстары - 80%
- Желдету жүйесі – 100%
- Гранит жұмыстары - 100%
- Бейне бақылау – 90%
- Өрт дабылы «сигнализация» - 90%
- Дизайн - 75%
- Баспалдақ қоршауларын орнату - 100%
Реставрациялық жұмыстарды алматылық «Компания Кумбез» ЖШС атқаруда.
— 2025 жылға авторлық қадағалау бойынша «ИНЖСЕРВИС ПЛЮС» ЖШС-мен, ал техникалық қадағалау бойынша «БК Монтаж» ЖШС-мен тиісті шарттар жасалды
, – деп хабарлады театр директоры.
Ғимараттың ғылыми-реставрациялық жұмыстарының құны 2 миллиард 160 миллион 370 мың 744 теңгені құрайды. Жауаптылар жөндеу жұмыстарының ақысын екі жыл бөліп төлеуді жоспарлаған екен.
— Мердігер мен тапсырыс беруші арасында жалпы сомасы 1 300 000 000 теңгеге орындалған жұмыстар актілері қабылданып, тиісті төлемдер жүргізілді
. Аталған сомаға авторлық және техникалық қадағалау қызметтерінің төлемдері де кіреді , – деп хабарлады Нұржан Тасболатов.
Көрермендерді театрдың жөндеу жұмыстары қашан аяқталады деген сауал мазалайды. Осы сұрақты жауаптыларға жолдадық. Олар бүй дейді:
— Жұмыстардың жоспарланған мерзімнен ұзаққа созылуына, атап айтқанда, қаржыландырудың уақытылы жүргізілмеуі әсер етуде
. Қаражаттың уақытында бөлінбеуі құрылыс материалдарын сатып алу және жеткізу мерзімдеріне де ықпал етеді . Осыған байланысты жұмыстардың қарқыны тікелей қаржыландырудың уақытылы қамтамасыз етілуіне байланысты , – деп жауап берді театр директоры.
Театр ұжымы реставрация кезінде талай ғимараттың табалдырығын тоздырды. Өнер ұжымы «Зенит» мәдениет үйінде қойылымдарын қойды. Театр басшысы мәдениет үйін жалдау театрдың табысынан төленгенін хабарлады. Өнер ордасы ғимаратты жалдау үшін 3 800 000 теңге төлепті.
— Театр ұжымы үшін де бұл кезең оңай болып отырған жоқ
. Ғылыми-реставрациялық жұмыстардың жүргізілуіне байланысты ұжым осы уақытқа дейін әртүрлі мекемелердің ғимараттарында жұмыс істеуге мәжбүр болды . Қазіргі таңда театр ғимаратының 1, 2 және 3-қабаттарындағы бірқатар бөлмелер жұмыс істеуге дайын болғандықтан, театр басшылығы мен әкімшілік құрамы өз жұмыстарын ғимарат ішінде жүргізуде . Сонымен қатар 2-қабатта әртістерге арналған арнайы бөлме бөлініп, дайындық сабақтары өткізілуде , – деп жауап берді Нұржан Тасболатов.
Қазақ драма театрының жаңа маусымы қазан айында ашылуы мүмкін. Жаңа маусымда преьмераларды сахналау көзделіп отыр.