Хадиша театрының жаңа маусымы 4 қыркүйекте басталады
4 қыркүйекте қазақ драма театры «Зенит» мәдениет үйінде маусымашарын ұйымдастырмақ.

Оралдық көреремендер үшін Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры 33 маусымын «Жұбан» спекталімен бастамақ. Бұл туралы театр директоры Нұржан Тасболатов өңірлік коммуникациялар алаңында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Өнер сүйер қауым үшін жаңа маусым төртінші қыркүйекте сағат алтыда «Зенит» мәдениет үйінде Маусымашар шарасымен басталмақ.
Маусымашардан соң көрермендер А. Бақтыгереева мен М. Омарованың «Жұбан» поэтикалық драмасын тамашалайды.
—Театрда күрделі жөндеу жұмыстарының жүріп жатуына байланысты театр қойылымдары «ЗЕНИТ» мәдениет үйінде бейсенбі, жексенбі күндері және балаларға арналған ертегілер сенбі күні қойылып жүр. Аталмыш маусымды аша салысымен театр ұжымы Жезқазған қаласында өтетін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, көрнекті режиссер Жанат Хаджиев атындағы IV Халықаралық театр фествиаліне Н.В.Гогольдің «РЕВИЗОР» қойылымымен қатысады, — деді Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының директоры Нұржан Тасболатов.
Хадиша театрының актерлері еңбек демалысынан кейін Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Сахна пластикасы және дене тәрбиесі» кафедрасының доценті, «Сахна қозғалысы және сахна сайысы» пәнінің оқытушысы Жалынбек Аханның шеберлік сағатынан алған. Тәжірибелі маманды театр ұжымы арнайы Ақжайық өлкесіне шақыртыпты.
— Алдағы уақытта театр ұжымы Шымкент, Алматы қалаларына А.Бақтыгереева, М.Омарованың «Жұбан», А.Володиннің «Сені сағындым», Н.В.Гогольдің «Ревизор», А.Аламанның «Жалқаудың жыры» қойылымдарымен және Қырғыз елінің Бішкек қаласына Ш.Айтматовтың «Жәмилә», Н.Сауданбекұлының «Мұқағали-Нұрғиса» драмасымен гастрольдік сапарға шыққалы отыр.Сондай-ақ Семей қаласында А.Құнанбаевтың 180 жылдығына орай өтікізілетін шарада театрымыз Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» қойылымын көрсетеді, — дейді Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Салауат Туменов.
Хадиша театрының әртістер жыр алыбы Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына орай ақынның туған жері Тайпақ ауданыннан бастау алатын облысымыздағы аудандарға гастрольдік тур ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Жаңа маусымда өнер ордасының репертуары балаларға арналған жаңа ертегі мен классикалық туындылармен толықпақ.
Хадиша театрында Қадыр Мырза Әлидің туғанына 90 жыл толуына орай ақынға арналған драматург Н.Сауданбекұлының «ҚАДЫР-АДАМ» қойылымының премьерасы өтпек.