• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • € 570,48 ₸
  • ₽ 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Коллектормен сөйлескенде нені білуі керек?

Кей коллекторлық компанияның қызметкерлері борышкерлерге сағат сайын телефон шалып, мереке мен демалыс күндері де тыным бермейтіні жасырын емес. Осындай жолмен борышты өндіріп алуға болады ма? Жауаптылар не дейді?
Коллектормен сөйлескенде нені білуі керек?
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Елімізде несие берешегін уақытылы өтей алмай жүргендер бар. Қаржы ұйымдары бережағын өндіріп алу үшін коллекторлық компания немесе борышкерді сотқа беріп өндіріп алуды көздейді. Екінші деңгейлі банк мен ломбард, микроқаржы ұйымдары көбінесе коллекторлық компаниялардың көмегіне жүгінеді.

Қаржы нарығын реттеу  және дамыту агенттігінің таратқан ақпарына сүйенсек, елімізде 212 коллекторлық орталық жұмыс істейді.

— 134 коллекторлық агенттік берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу қызметін жүзеге асырады, ал 78 коллекторлық агенттік банктік қарыз шарттары және микрокредит беру туралы шарттар бойынша талап ету құқықтарын сатып алады. 2026 жылы 14 коллекторлық агенттік есептік тіркеуден өтті, төрт агенттік өз еркімен тізімнен шығарылды, – деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Борышкердің қарызын өндіріп алумен айланысатын компаниялар азаматтар қалай жұмыс істеуі керек? Қаржы ұйымдарына бережағы бар жандар нені білуі тиіс? Ендеше заң мен коллекторлардың жұмысын қадағалайтын агенттіктің кеңесімен таныс болыңыздар.

Бейтаныс нөмірден келетін тынымсыз қоңыраулар мен күн сайынғы қысым — несие төлемін кешіктірген талай азаматқа таныс жағдай. Алайда «Коллекторлық қызмет туралы» заң (5-баптың 2-тармағы) өндіріп алушылардың құқығын қатаң шектейді: осы талаптардың бірі ғана бұзылса, коллектордың әрекеті заңсыз саналады.

Коллектор қай уақытта және неше рет хабарласа алады

Агенттіктің бастамасымен борышкерді демалыс және мереке күндері мазалауға мүлдем болмайды. Ал жұмыс күндері тек жергілікті уақытпен сағат 8:00-ден 21:00-ге дейін ғана байланысуға рұқсат етіледі:

  • Телефон қоңыраулары: күніне үш реттен артық емес.
  • Жеке кездесулер: күніне бір реттен және аптасына үш реттен аспауы тиіс. Кездесу борышкердің тұрғылықты, тіркелген жері бойынша немесе агенттіктің кеңсесінде өтуі мүмкін.
  • Өзге де байланыстар: борышкердің тұрғылықты немесе тіркелген мекенжайы бойынша өзара іс-қимыл да тек жұмыс күндері сағат 8:00–21:00 аралығында жүргізіледі (егер борышкер агенттікке өзі жүгінген кезде осы уақыт шегіндегі басқа кестені таңдамаса).

Әрбір байланыс кезінде өндіріп алушы не айтуға және көрсетуге міндетті

Кез келген әңгімені коллектор өзін таныстырудан бастауы керек. Қызметкер міндетті түрде мына ақпаратты хабарлауға тиіс:

  • коллекторлық агенттіктің атауы мен орналасқан мекенжайын;
  • өзінің тегін, атын, әкесінің атын (жеке куәлігінде көрсетілсе) және лауазымын;
  • берешек қалыптасқан кредитордың (банк немесе МҚҰ) атауын.

Сонымен қатар борышкердің талап етуі бойынша агенттік қарыз мөлшерін растайтын құжатты және осы берешекпен жұмыс істеу өкілеттігін растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндетті. Бұған ҚР заңдарымен қорғалатын коммерциялық немесе өзге де құпияға жататын мәліметтер ғана кірмейді.

Әңгімені жазып алу және жеке деректерді қорғау

Борышкермен, оның өкілімен немесе міндеттемесі бар үшінші тұлғалармен кез келген өзара іс-қимыл аудио немесе бейнетехника құралдары арқылы тіркелуі тиіс. Бұл ереже екі тарапты да дөрекілік пен негізсіз қысымнан қорғайды.

Бұдан бөлек, коллекторлар кредитордан, борышкерден немесе үшінші тұлғалардан алған құжаттар мен ақпараттың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Оған банктік құпия, микрокредит беру құпиясы және азаматтардың дербес деректері жатады.

Сізге хабарласқан ұйымның заңды жұмыс істейтінін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) ресми сайтындағы (gov.kz/org/ardfm) тізілімнен тексеруге болады.