Жатақхана гимараты күрделі жөндеуден өтті.

Мамыр айында Әл-Фараби көшесінде көптен пайдаланылмай тұрған ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Ақсай қала статусына ие болғаннан кейін 1938 жылы бой көтерген ғимарт.
Қазақстан теміржол қызметкерлеріне арнап салынған болатын. Кейін жұқпалы ауруларға арналған аурухана, бейімдеу орталығы болған нысан бірнеше жыл иесіз қалды. Тозығы әбден жеткен ғимарат енді толығымен қайта жөндеуден өтті. Жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстары аудан бюджеті есебінен жүргізілді.
Қазынадан 72 миллион теңге бөлінді. Ғимарат ішін қоқыстан тазартудан бастаған «Аксайстройсервис и К» ЖШС-нің жұмысшылары шатыры, терезелерін ауыстырып, линолеум, кафель төселді, жылу жүйелері ауыстырылды. Сондай-ақ ішкі бөлмелері қайта салынып, ортақ асхана және санитарлық бөлмелер жаңартылды. Аудандық аурухана қаржына кереует, жиһаздар сатып алмақшы.
- Бөрлі ауданында дәрігерлердің жетіспеушілігі үлкен мәселе болатын. Атап айтсақ, хирург, нейрохирург, терапевт, педиатр, акушер-гинеколог мамандар жетіспейтін. Қазіргі уақытта ауданымызға 13 жас маман келсе, алды жұмысқа кірісіп кетті, - деді Бөрлі аудандық ауруханасының директоры Шыңғыс Сәрсенғалиев.
Бұл күні аудан әкімі Миржан Сатқанов Бөрлі ауданына келген медициналық оқу орындарының түлектерімен және жас дәрігерлермен кездесті. Жас мамандармен кездесу барысында аудан басшысы медицина саласының ауыр кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап өтті. Жиын барысында еліміздегі індетке байланысты ақ халаттыларға қосымша көмек, мамандардың жалақысы, баспана мәселесі айтылды.
Арман КУРМАНАЛИЕВ