21 сентября 2017

Облыс бюджеті қайта нақтыланды

 Облыстық бюджет 4,7 млрд. теңгеге ұлғайып отыр. Оның 762 млн теңгесі әлеуметтік салаға бағытталды. Атап айтқанда жоғары оқу орындарының мамандарын қолдау үшін 200 білім грантын бөлуге, Орал қаласы, Ақжайық, Бөкей ордасы және Қазталов аудандарындағы бірқатар оқу мекемелерін жөндеу және жаңғыртуға қосымша қаржы қарастырылды. Бұған қоса тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы, жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы, коммуналдық сала мен көлік инфрақұрылымы да қаржылай қолдауға ие болды. - Бюджет қаражаттары басым сипаттағы әлеуметтік мәселелерді шешуге, сонымен қатар басталған құрылыс нысандарын аяқтап, жалғастыруға бағытталған. Аталған өзгерістерді ескергенде облыстық бюджетіміз 143,5 млрд теңгені құрады. Нақтылауға шығарылған ұсыныстар бойынша облыстық бюджеттің бағдарламалық әкімшілері жұмыс жүргізіліп, комиссияларда қарастырылды деді, - БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараеев. Бюджетке өзгерістер енгізу туралы шешімді депутаттар бірауыздан қолдады. Қазіргі таңда облыс бойынша көші-қон процестерін реттеудің қағидасын бекіту қажеттілігі туындап отыр. Күнтәртібіндегі келесі мәселе осы тақырыпты қамтыды. Аталған қағида қабылданса шеттен келетін қандастарымызды қоныстандыру ісі оңтайланбақ. - Осы жоба қабылданса Батыс Қазақстан облысындағы көші-қон процестерін реттеу үшін өкілетті органға оралмандар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірдің тиісті аумағын белгілеуге, жергілікті атқарушы органдардың қажеттілігіне байланысты сұраныс болған жағдайда ҚР Үкіметіне оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын енгізуге ұсыныс берілетін болады. Сонымен қатар ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Үкіметімен жыл сайын облыстар бөлісінде шетел мамандарын тартуға квота белгіленеді дейді, - БҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұхамбетов. Сессияда Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атағына төрт үміткер ұсынылып, барлығы лайық деп табылды. Олар соғыс ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Мұхтар Әжіғұлов, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева, әлемнің 14 шыңын бағындырған белгілі альпинист Мақсот Жұмаев және өңірдің өркендеуіне үлес қосқан, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Нұрлан Ноғаев. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp