Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы әдеп жөніндегі кеңес 22-тамыз күні өтті. Тәртіптік іс бойынша кеңес мүшелері Орал қалалық білім бөлімінің басшысының орынбасары Батика Пайдинаны жазасыз қалдыруға шешім қабылдап, істі тоқтатты.

Батика Пайдинаға қатысты маусым айында балабақша ата-аналарынан арыз түсіп, тергеу басталған болатын. Білім бөлімінің басшысы сол кезде балаларды мектепке қабылдау ережесіне енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында мектепке дейінгі ұйым басшыларымен жиналыс өткізген. Аталмыш жиынға 24 директор мен 21 әдіскер қатысқан. Мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері 5 жасқа толған балаларды мектепке аттандырып, балабақшадан шығару туралы хабарламаны Батика Пайдина жеткізгенін мәлімдеген. Осыдан соң бұл хабарлама ата-аналарға жетеді. Осындай хабарламаны ата-аналарға таратқан балабақша басшылары да сөгіс алған.
- 2019 жылдан бастап 1-қыркүйекке дейін 6 жасқа толған балалар міндетті түрде бірінші сыныпқа баруы қажет. Біз осыны түсіндірмек болдық. Біз 5 жастағыларды балабақшадан шығарып тастай алмаймыз. Мен осыны біліп, бұл мәселе жөнінде айтпадым. Директорлар орнына жиналысқа қатысқан әдіскерлер мұны қате түсінсе керек»,-дейді кеңесте сөз алған білім бөлімі басшысының орынбасары Батика Пайдина.
Білім бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова бұл жағдай еш кері әсерін тигізбегенін айтады.
-«Хабарлама алған 72 баланың ешқайсысы мектепке дейінгі ұйымнан шығарылмаған. Бізге басқармадан тапсырма келіп түсті. Сондықтан білім беру ұйымдарымен кездесіп, түсіндірдік. Осы жағдайдан соң мен барлық балабақшаларды аралап шықтым. Ата-аналармен кездесіп, оларға өзгеріс жөнінде айттық. Біздің қалада 3-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі ұйыммен қамтылуы 100 пайызды құрайды. 18 мың бала балабақша кезегінде тұр»,-дейді Орал қалалық білім бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова.
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының міндетін атқарушы Рустам Ақмырзаев Батика Пайдинаның өз лауазымыды орнына сай келмейтіні жөнінде атап өтіп, ал Жансұлу Төремұратоваға сөгіс жариялау жөнінде ұсыныс білдірді. Дегенмен кеңес мүшелері ұсынысты құп көрмеді.
-«Әдеп жөніндегі кеңестегі талқылау кезінде тәртіптік істі ереже бұзушылық мектепке дейінгі ұйым басшылары тарапынан жіберілгені үшін тоқтату жөнінде шешім қабылданды. Қалада тек 5 балабақша ғана осындай хабарлама таратқан болып шықты. Қалғандары ата-аналарға мұндай ақпарат бермеген»,-дейді БҚО мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басқарма басшысы Жақсат Мұратов.
Арман КУРМАНАЛИЕВ