10 августа 2017

«Орал» халықаралық әуежайының ғимараты жөнделеді

Облыс әкімінің қоғамдық кеңес пен депутаттық корпус алдында берген есебінде, сондай-ақ, жұмыспен қамту, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту салалары бойынша мағдұмат берілді. Президент тапсырмаларынан туындайтын төрт бағыттың екіншісі – жұмыспен қамту. Осы жылы 13 мың адам еңбек шараларына қатысқан. 5 мыңнан астамы тұрақты жұмыс тапқан. Үшінші бағыт – кәсіпкерлікті дамыту. Бұл салада қалыпты өсім бар. Кәсіп ашып, өз ісімді бастаймын дегендер саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде бұл салада облыс халқының алтыдан бір бөлігі еңбек етеді. Шағын және орта кәсіпкерлік ішкі өнімнің 40%-н қамтамасыз етіп отыр. Ал төртінші бағыт – инвестиция тарту. Осы мақсатпен батысқазақстандық делегация Сингапур, Иран, Италия елдерінде болды. «Астана ЭКСПО-2017» алаңында 30 елдің дипломатиялық өкілімен кездесті. - Бұл сапарлардың барысында нақты 2 жоба жүзеге асуда. Біріншісі, мұнайхимия зауытының құрылысы. Бұрын химиялық реагенттерді шетелден алушы едік. Енді оралдық кәсіпорын канадалық компаниямен бірігіп, осындай өндіріс ашты. Екіншісі, Иранға ет экспорттадық. Ақжайық ауданындағы «БатысМарқаЛамб» зауытында қиындықтар болды. Шаруаларға қарыз болды. Өнімін өткізе алмады. Қазір бұл проблемалар шешілді.  Ирандықтармен 1500 тоннаға келісімшарт жасалды. Жазда қозы етінің алғашқы партиясы самолетпен жіберілді. Біз енді ұшақтарды жүк көлігінде пайдалануды жолға қоямыз, - деді есеп берген Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ. Ал ауыл шаруашылығында инвестиция көлемі 5 есеге өсті. Егінге орақ салған диқандар биылғы өнім былтырғыдан 10%-ға мол жиналады деп сендіреді. - Елбасының биылғы Жолдауы ауыл шаруашылығының дамуына жаңаша серпін берді. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы саласындағы инвестиция көлемі 5 есеге өсті. Қазір 42 кооператив құрылып, оның 31 кооперативі 20-дан астам мүшені біріктіріп отыр. Жылдық жоспар артығымен орындалды.  Аудан әкімдерінің алдында кооперативтерді қажетті техникамен, ресурстармен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Мұның басым бөлігі агробизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында қамтылады. Енді тек фермерлерге рәсімдеу шаралары туралы ақпаратты ұғынықты тілмен және бюрократиясыз түсіндіру керек, - деп баяндады Алтай КӨЛГІНОВ. Суармалы алқаптар биыл 2 есеге артып, 72 мың га құраған. Биыл жалпы құны 800 млн. теңгеге 6 суармалы құрылыс қалпына келтірілуде. Сонымен қатар, Киров-Шежін каналын қайта қалпына келтіру жұмыстарының 3-ші және 4-ші кезеңдері жалғасуда. Жобаны жүзеге асыру арқылы жыл сайын Жайықтан Қараөзенге 50 млн. текше метр су жіберілмек. Бұл 50 мың халқы бар Ақжайық, Жаңақала, Казталов, Тасқала аудандарын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Және Ресейге су алу үшін төленетін 600-700 млн. теңге қаржыны үнемдеуге болады. Есеп беруде сондай-ақ, Мәскеу мен Франкфуртқа жаңа әуе рейстері ашылғаны, «КПО б.в.» компаниясының қаржысына Орал халықаралық әуежайының ғимараты жөнделетіні жайлы да айтылды. Березов пен Бестау ауылдарынан алғашқы 30 отбасы Ақсайға көшірілген. Бұл Елбасының назарында тұрған сұрақ. Облыс әкімі, сондай-ақ, өсімдік шаруашылығын сақтандыру, Жәнібек пен Бөкей ордасына бұрынғыдай ұшақ қатынасын қалпына келтіру мәселелеріне де тоқталды. Есеп соңы ой-пікір алмасу мен сұрақ-жауапқа ұласты. Облыс әкімінің есебін мұқият тыңдаған халық қалаулылары мен қоғамдық кеңес мүшелері атқарылған жұмысқа оң баға берді. Арман КУРМАНГАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp