Жақында президенттің «Әділетті қоғамға-шыншыл сөз» атты жаңа кітабы жарық көрді. Туындыны Оралда зиялы қауым өкілдері талқылап, ойын ортаға салды. Жиынға тарихшы ғалымдар, ақын-жазушылар, мәдениет саласының қызметкерлері мен жастар қатысты. Зиялы қауым өкілдері кітаптың мазмұны, идеясына тоқталды.
— Бүгінгі шараның негізгі мақсаты– «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітаптың мазмұнымен танысу, кеңінен талқылау, қоғам арасында кеңінен насихаттау, ұлт тәрбиесінде, мемлекет басқару қызметінде қолдану. Жинақ әр жылдары айтылған ойлардың өзара сабақтастығын көрсетіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет, қоғам, азамат, заң, білім, мәдениет және болашақ туралы көзқарастарының тұтас жүйесін аңғаруға мүмкіндік береді, – деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа кітабы– президенттің таңдаулы сөздерінің жинағы. Туынды 21 тараудан тұрады. Кітап "Ұлт сапасы", "Тәуелсіздік, егемендік пен мемлекеттілік", "Конституция", "Әділетті Қазақстан", "Мемлекеттік басқару, президенттік миссия", "Заң және тәртіп","Ынтымақ пен бірлік", "Цифрландыру және жасанды интеллект", "Ғылым және білім", "Тарих", "Мәдениет және руханият", "Тіл", "Халықаралық саясат","Ұлттық экономика", "Жастар", "Өңірлер", "Таза Қазақстан", "Алдағы даму", "Тарихи тұлғалар", "Өзі туралы", "Кеңестер, естеліктер мен ой-толғамдар" тақырыбын қамтиды.
Дөңгелек үстелге қатысқан жандар жанына жақын тарауларда жарияланған сөздерді мән-маңызына тоқталды.
— Тарихшы болғаннан кейін кітаптың үш бөлігімен тереңірек таныстым. «Ұлт сапасы» туралы бөлімі, «Егемендік, тәуелсіздік, мемлекеттілік» туралы бөлімі және тарихи тұлғаларға байланысты бөлімі. Қазақстан тарихының маманы ретінде маған «Ұлт сапасы» деген мәселеге бірінші бөлімді арнауы ұнады. Қай мағынасында? Себебі Қазақстан Республикасында мемлекетті құраушы ұлт – қазақ халқы. Тәуелсіздік жылдарында 1991 жылы жеті миллион қазақ болса, қазір 14 миллион жарым болды. Мемлекет құраушы ұлттың саны өсті. Шын мәнінде бұл қазақтың мемлекеті, титулды ұлттың атымен аталады. Қазақ арғы-бергі тарихтан алып қарасақ, қазақ адам капиталына, ұлт сапасына аса мән берген. Оны тарихта генофонд дейміз. Осы ретпен келген кезде бұл кісінің озық ойлы ұлт деген 6-7 цитатасы бар. Стандарттар өзгерді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы текті асылдандыруға, ұлттың сапасын арттыруға өзі бір талаптар болса, қазір мына «глобализация дейміз, әлем өзгеріп жатыр,соған байланысты бейімделуіміз», керек деп оймақтай ойы мен тобықтай түйінінін жинап алып айтқан, -дейді Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев.
Зиялы қауым өкілдері бас қосқан жиында әр саланың өкілі кітапқа байланысты ойын айтып, пікір алмасты. Олар жарық көрген жаңа туынды идеологияның кілті мен бағыт-бағдарын айқындайтын темірқазық деп баға берді.
