Оралда 10-11 қазанда дәстүрлі ауылшаруашылық өнімдері қойылған жәрмеңке өтеді. Бұл туралы шаһар әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оныншы қазанда жәрмеңке Ықсанов көшесінің бойында ұйымдастырылады. Ал, жексенбі күні тұрғындар азық-түлікті Жәңгір хан көшесі 52Б мекенжайынан сатып ала алады. Жәрмеңке таңғы сағат тоғыздан, түскі сағат бірге дейін жалғасады.
Орал қаласының әкімдігі жәрмеңкеде ет, балық, тауық өнімдері саудаланбайтынын атап өтті.
Қала әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, 2026 жылы Орал қаласында 49 ауылшаруашылық өнімдері қойылған жәрмеңке өтті. Оның ішінде 23 жәрмеңке М. Ықсанов көшесінде және 26 жәрмеңке Зашаған кентінде ұйымдастырылды.
Жәрмеңкелер барысында халыққа ауыл шаруашылығы өнімдері қолжетімді бағамен ұсынылып, жалпы көлемі 25,8 тонна ет, екі тонна балық, 402,2 тонна көкөніс-бақша өнімдері, 50 тонна сүт өнімдері, алты тонна шұжық өнімдері, 11 тонна макарон өнімдері, 3,2 тонна кондитерлік өнімдер және 218 мың дана жұмыртқа сатылды.
- Жәрмеңкелерге Орал қаласының, сондай-ақ Бәйтерек, Теректі, Тасқала, Сырым және Ақжайық аудандарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мен көтерме тауар жеткізушілері қатысты, - деп хабарлады Орал қаласының әкімдігі.