17 августа 2018

Оралда облыстың жылыту маусымына дайындығы пысықталды

Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла демекші, жылыту маусымына әзірлік облыста көктемде басталды. Бүгінде біраз жұмыс атқарылды. Мәселен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелері 94-96 пайызға дайын тұр. Бүгінде ауыл-аймақтағы нысандарға қатты және сұйық отын жеткізілуде. Өңірдегі 1298 көпқабаты үйге жылу беру, ақауларын жөндеудің қамы жасалуда. - Орал қаласындағы 611 көпқабатты үйде гидравликалық сынамалар өткізілді. Бұл жоспардың 51 пайызы. Осындай жұмыстар Ақсай қаласында тамыз-қыркүйек айларында өткізіледі. Жалпы пәтер иелері кооперативтері сәуір мен шілде аралығында үйлерді дайындады. Құбырларды ауыстырып, бұрандаларын жаңартып ағымдық жөндеу жүргізді, - дейді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Рүстем Закарин. Биыл жаңғыртылатын 40 шақырым жылу желісінің 32 км-і «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолға алынды. Бұл үшін республикалық бюджеттен 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Су және кәріз желелерін жөндеп, жаңарту да өз ретімен. Осы орайда облыс әкімі қала іргесіндегі Вителки ауылын ауыз сумен қамту мәселесін көтерді. - Ол бойынша жоба әзір. Сынамадан өтті. Қазір біздің тараптан ҚР Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік өтініш жолданды. Жобаны жүзеге асыру үшін 400 млн. теңге қажет, - деді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Рүстем Закарин. Биыл облыс орталығындағы 26 шақырымнан астам жер асты жылу желі толық жаңартылады. Осылайша оралдықтарды бірнеше жыл бойы мазалаған мәселе шешімін табады. - Биыл кәсіпорын қаржысы есебінен 593 млн. теңге жөндеуге жұмсалды. Оның 395 млн. теңгесі Жылу электр орталығына, 198 млн. теңге жылу желілеріне бағытталады. Жылу орталығындағы 3 энергетикалық турбинаны күрделі жөндеу жүріп жатыр, - дейді «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Мұрат Бәйменов. Осы орайда облыс әкімі келер жылы Жылу электр орталығын толықтай жаңғыртудың қажеттігін атап өтті. Ол үшін жыл соңына дейін жобалық-сматалық құжаттама әзірлеу тапсырылды. - Қаржыландыру көзін табамыз. Бастысы жобалық-сметалық құжатты дайындап беріңіз. Егерде турбиналарды жаңартатын болсақ, қуаттылығы екі есеге артады. Мысалы қазір 10 МГвт электр энергиясын өндірсе, жаңғыртудан кейін 20 МГвт болады. Міне тиімділік қайда жатыр, - деді облыс әкімі. Тұрғындардың жылуға берешегін өтеу өзектілігін жоймай отыр. Енді екі ай төлемеген тұтынушының ісі сотта қаралады. Бүгінде 1653 адамның ісі сотқа жолданды. Тіпті мүлікті тәркілеу жүзеге асады. Облыс әкімі, «Жайықжылуқуат» мекемесінің газға берешегін өтеу бойынша жол картасын әзірлеп, ұсынуды тапсырды. Тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау да өзекті мәселелер жоқ емес. Ульяна Громова 2/1, 24, 24/1, Еуразия даңғылы 88/1, Құрманғазы 111, Луговая 47/1, Покатилова 69/1. Міне осы үйлерде қысқа дайындық жүргізілмейді. Үйді күтіп ұстау, құбырларды жөндеу сияқты жұмыстар атқарылмайды. Жыл сайын жылыту маусымында осы баспана тұрғындары қиын жағдайға тап болады, - дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев. Орал және Ақсай қалаларының әкімдіктері иесіз тұрғын үйлердің гидравликалық тексеруін, сонымен қатар жылу және сумен жабдықтау желілеріндегі жөндеу жұмыстарын 1 қазанға дейін аяқталуын қамтамасыз ету тапсырылды. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp