Қысқы спорт түрімен бұқаралық түрде айналысуға таптырмас орын-осы "Жастық" мұз айдыны. Қаланың орталығында орналасқандықтан келушілер үшін де өте ыңғайлы.

Жаң технологиямен жабдықталған алаң 1-желтоқсаннан бастап қала тұрғындары мен қонақтары үшін есігін айқара ашпақ. Сырғанақта коньки тебуге 5 сағат уақыт беріледі. Естеріңізге сала кетейік, Орал қаласындағы осынау алаңға күрделі жөндеу жасалып, жасанды мұз төселген болатын. Соның нəтижесінде Ақжайық өңірінің спортшылары мен спорт сүйер қауымына жылдың 3 мезгілінде қысқы спорт түрімен жаттығуға мүмкіндік туды.
-"Ауа температурасы 10 градус жылы болғанға дейін мұзда сырғанауға мүмкіндік бар. Осы жерде үш қымбат құрылғы орнатылған. Соның арқасында жасанды мұз көпке дейін ерімейді. Ересектерге мұзда сырғанақ тебуге кіру құны-200 теңге, ал 7 жасқа дейінгі балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жəне оларды сүйемелдеп жүрушілерге, зейнеткерлерге кіру тегін. 14 жасқа дейінгі балаларға-100 теңге. Осы сомаға келушілер сағат 18:00-ден 23:00-ге дейін сырғанақ тебуіне болады. Ал жазда алаңға жасанды көгал төсейміз. Жазғы спорт түрімен айналысатын орынға айналады",-дейді Батыс Қазақстан облысы жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің директоры Абай Бакманов.
Нысан халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Қазақстанда "Медеу"мұз айдынынан кем түспейтін, ашық аспан астындағы бірден бір спорт алаңқайы. Сала мамандары бірінші желтоқсаннан бастап, қала тұрғындары үшін конькимен сырғанау маусымын ашатындықтарын мәлімдеді. Қазіргі таңда халықаралық стандарттарға сай келетін алаңда хоккейшілер жаттығуларын бастап та кеткен. Команда құрамында 18 адам жаттығып, шеберліктерін шыңдауда. Биылғы жылы жөндеуден өткен стадион келер айда хоккейден Қазақстан біріншілігін қабылдамақ. Өңір спортшылары үшін бұрын ұзақ уақыт өз алаңында жаттығу мүмкіндігі болмаған еді. Айдында сырғанау олардың жетістіктеріне де өз əсерін тигізеді деп күтілуде. Қысқы спорт түрін дамыту кенже қалмас үшін соңғы уақытта көрсетілер қолдау артып келеді. Біріншілік басталғанша құйылған мұз қалыңдап, хоккейшілеріміз баптарына келіп үлгеруі тиіс.
Арман КУРМАНАЛИЕВ