Жолаушылар ұшақ бортында, әуежай аймағында "бомба", "терорист", "жарылыс", "басып алу", "тапанша" сынды сөздерді айтуға тыйым салынған. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді. Жолаушыларға бұл сөздерді әзілдеп болсын айтуға болмайды. Сала мамандары бұл сөздерді естіген қызметкерлер бірден бекітілген ережеге сәйкес әрекет етпек. Егер тыйым салынған сөздер ұшақ бортында айтылса, жолаушыларды әуе кемесінен түсіріп, жүктерді қайта тексертіп, тіпті әуежайдың бір бөлігі жабылады екен. Мұндай тексерістен соң, ұшақ экипажы мен рейс уақыты ауысады. Бұл үшін әуе компаниясы мен әуежай қомақты қаржы жоғалтады. Бұған жолаушылардың уақытын қоса есептеңіз.
Абайсызда тыйым салынған сөзді айтқан жайт жақында "Алматы-Ақтау" бағытында қатынайтын ұшақта болды. Жолаушы әзілде бортта "бомба" деп айтқан. Әуе кемесін тексеріп, жолаушыны ұшақтан түсіріп тастапты.
Азаматтық авиация комитеті терроризм актісін жасауға дайындалып жатқаны туралы жалған ақпарат берген адам Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша жауапқа тартылатынын хабарлайды. Осы баб бойынша кінәлі деп тапқан адам бес мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеп немесе түзету жұмыстарына тартылуы мүмкін. Кейде тіпті бес жыл бас бостандығынан шектеу және бес жылға бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалуы мүмкін.