5 қазан - мұғалімдер күні. Мереке қарсаңында ұстаздарға алғыс айтып, ілтипатымызды білдіру үшін қазақстандықтар сыйлық іздейді. Осы күндері сый-сияпат ұсынған сатушылардың қатары артады. Сонымен қатар, азаматтарды алдап соғып, жоқ тауарды сататын алаяқтар көбейеді.
Бас прокуратура "сыйлық аламын деп алданып қалмаңыздар" деп ескерту жасады. Алаяқтар жасанды интеллектінің көмегімен жоқ тауардың суретін жасайды. Ал тапсырыс берушімен тілдесу үшін чат-бот құрастырып, зат сатуға кіріседі. Диалог барысында чат-бот сатушы сияқты тілдесіп, тапсырыс берушінің барлық сұрағына жауап бергендей болады. Алайда қаражат шотқа түскесін, сыйлықсыз қалуыңыз мүмкін. Сол себепті прокурорлар күмәнді хабарламаларға өтпеуге және бөгде нөмірлерге қоңырау шалмауға шақырады.
Бұдан бөлек, құпия сөздерді, PIN-кодтарды, банк карталарының CVV-кодтарын және SMS-пен келген растау кодтарын айтпаңыз. Сайттың шынайылығына және сатушының сенімділігіне көз жеткізгенше алдын ала төлем жасамаңыз. Тапсырыстар туралы ақпаратты сатушының ресми сайты немесе қосымшасы арқылы өз бетіңізше ашып тексеріңіз. Егер карта деректерін алаяқтарға айтып қойсаңыз, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттаңыз және полицияға арыз жазыңыз