Оралда жөндеу көрген теміржол вокзалының ғимараты есігін айқара ашты. Жөндеу жұмыстары 2025 жылы басталып еді. Жөндеу құны 5,2 миллиард теңгені құрайды.
Жаңарған ғимаратта жолаушыларға барлық дерлік жағдай жасалған. Вокзалда «Ана мен бала» бөлмесі, медициналық пункт, күту залы, билеттер кассасы да жанданып, тынығатын қонақүй мен коворкинг орталығы бар. Жолаушылардың қолайлылығы үшін төрт эскалатор, үш жеделсаты орнатылып, заманауи конкорстық өткел салынды. Енді перронға жертөле арқылы емес, тікелей шығуға толық жағдай жасалған. Вокзалдағы барлық инженерлік инфрақұрылым желілері де толықтай жаңартылды.
41 жыл теміржол саласында еңбек еткен Канымзия Ярлыгасимова жаңарған ғимаратқа оң бағасын берді. 70 жасқа толған ардагер теміржол саласына өткен ғасырдың 70-шы жылдары келген. Ол 1870 жылдары салынған ескі вокзалда жұмыс істеген. Тіпті, қазір жөндеу көрген ғимараттың қалай салынғанын да естен шығармапты.
— Теміржол вокзалының ғимаратын керемет жөндепті. Мен теміржол саласында 41 жыл еңбек еттім. Осы теміржолдан 2015 жылдары зейнетке шықтым. Мен жұмысқа тұрғанда ескі вокзал болып еді. Оны көпке дейін бұза алмағаны есімде. 1983 жылдары жаңа вокзалды салып берді. Ғимарат толықтай мәрмәрдан жасалып еді. Бұрында осы вокзалдың ғимараты жөнделді. Бірақ соңғы жөндеу жұмыстары көңілімнен шықты. Заманға сай екен. Қолында жүгі бар, егде жастағы жандар үшін эскалатор баспалдақтары қолайлы деп білемін. Қызметкерлер үшін бар жағдай жасалған екен. Біздің кезімізде жаңа ғимаратқа көшкен кезде салқын болды. Жұмыс істеу қиындау еді. Қазір мамандарға бар жағдай жасалған. Оларға соңғы үлгідегі, заманға сай салқындатқыш орнатылыпты, қуанып қалдым, - дейді теміржол саласының ардагері Канымзия Ярлыгасимова.
Оралдықтар вокзал ғимаратының ашылуын асыға күтті. Жаңарған ғимаратты аралап, жолға шыққан жолаушылардың пікірін білдік.
— Біздер вокзалдың ашылуын ұзақ күттік. Жөнделген ғимарат ойымыздан шықты. Біздер көп саяхаттаймыз. Астана, Алматы мен Ресейге жиі сапарлаймыз. Ғимараттың ашылғанына қуаныштымыз, -дейді Орал қаласының тұрғыны Анар Қожахметова.
Орал вокзалының ашылуы салтанатты түрде өтті. Оған көлік министрі Нұрлан Сауранбаев арнайы табан тіреді. Салтанатты жиында сөйлеген облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірде төрт теміржол вокзалының қайта жаңғыртудан өткенін атап өтті.
— Тасқала ауданындағы Семиглавый мар станциясы мен Шыңғырлау вокзалы бастан аяқ бұзылып, жаңадан салынса, Орал және Ақсай қалаларындағы теміржол вокзалдарында қайта құру жұмыстары жүргізілді.Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджет қаржысы есебінен 7,6 миллиард теңге жұмсалды, - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Салтанатты жиында теміржол саласында тер төгіп жүрген бір топ маман облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жалпы Орал қаласынан бір халықаралық және үш облысаралық бағыт бойынша жолаушылар тасымалы ұйымдастырылған.Өткен жылы өңірде 506 мың жолаушы теміржол қызметін пайдаланыпты. Жолаушы тасымалынан бөлек, жүк тасымалы да артып келеді. Бес миллион тонна жүк тасымалданған.
Облыс әкімдігі биыл 270 мың жолаушы теміржол арқылы сапар шегіп, 2,8 миллион тонна жүк тасымалданғанын хабарлады.Жалпы облыс бойынша 25 бекет пен разъезд, сондай-ақ 318 шақырым теміржол желісі бар. Биыл жауапты құрылымдардың шешімімен «Индербор – Орал» теміржол желісінің құрылысы перспективалы жобалар тізіміне енгізілді.