• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • 570,48 ₸
  • 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Ақтауда 10 мың орындық стадионның құрылысы басталды

Жаңа стадион UEFA-ның 4-санатына сай салынбақ.
Ақтауда 10 мың орындық стадионның құрылысы басталды
Маңғыстау облысы әкімдігінің фотосы

19 тамызда Ақтауда UEFA-ның 4-санатына және Қазақстан футбол федерациясының талаптарына сай келетін он мың орындық жаңа көпфункционалды стадионның құрылысы басталды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.  Болашақ аренаның іргетасына уақыт капсуласы салтанатты түрде қаланып, өңірдің спорт тарихындағы жаңа кезең ресми түрде ашылды.

Кешен 17 гектардан астам аумақты алмақ. Негізгі стадион он мың көрерменге арналған. Өлшемі 105×68 метр болатын футбол алаңы табиғи көгалмен жабдықталып, жылыту жүйесімен және жерасты дренажымен қамтамасыз етіледі. Мұнда ұлттық және халықаралық деңгейдегі футбол матчтарын өткізу жоспарлануда. Қазақстан футбол федерациясының талаптарына сәйкес стадион бесінші санатқа, ал UEFA стандарттары бойынша төртінші санатқа сай болады.

Главный баннер

Жаңа стадионның аумағында жас таланттарды тәрбиелейтін академия да жұмыс істемек. Академияда 40 адамға арналған жатақхана, асхана, шағын футбол залы, жаттығу және функционалдық залдар, медициналық және қалпына келтіру блоктары, оқу кабинеттері мен конференц-зал болады. Сонымен қатар кешен аумағында екі жаттығу алаңы салынады. Көлемі 60×40 метр болатын бірінші алаң 600 көрерменге арналған трибунамен, ал 40×20 метрлік екінші алаң 400 көрерменге арналған трибунамен жабдықталады.

— Бүгін біз жай ғана жаңа спорт нысанының емес, Маңғыстаудың болашақ жеңістерінің негізін қалап отырмыз. Жаңа стадион футболды дамытуға, жас спортшыларды даярлауға және жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған заманауи алаңға айналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға, балалар мен жастарға қажетті жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп келеді. Осындай жобаларды жүзеге асыру — осы бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі. Маңғыстау чемпиондар тәрбиелей алатынын талай мәрте дәлелдеді. Жантілек Нұртілепұлының «Қазақстан Барысы» турниріндегі жеңісі өңіріміздің спорттық әлеуетінің жарқын дәлелі болды. Жаңа стадион мен футбол академиясы өскелең ұрпақтың талантын ашуға мүмкіндік беріп, Маңғыстауға әлі талай үлкен жеңіс әкелетініне сенімдімін. Біздің мақсатымыз — өңірде болашақ чемпиондар мен халықаралық аренада Қазақстанның намысын абыроймен қорғайтын спортшылар қалыптасатын мықты спорттық орта құру, — деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Жоба аясында автотұрақ аймақтарын, бақылау-өткізу пункттерін, инженерлік және қосалқы нысандарды салу да көзделген. Стадионның сәулеттік тұжырымдамасы заманауи стильде әзірленіп, Каспий теңізінің жағалауындағы Ақтау қаласының өзіндік ерекшелігін айшықтайды. Нысанның сәулеттік келбетінде өңірге тән бейнелер мен нақыштар көрініс тауып, «Каспий інжу-маржанының» заманауи бейнесі қалыптастырылады. Көрермендер трибуналары жабық болады, ал ғимараттың қасбеті кешкі уақытта сәулеттік-декоративтік жарықтандырумен безендіріледі.

Естеріңізге сала кетейік, Орал қаласында 12 мың орынға арналған стадион салынбақ.

Главный баннер --> after article