• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • € 570,48 ₸
  • ₽ 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Ақтауда мұнайды заңсыз тасымалдағандар 8 жылға сотталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұнай контрабандасының жолын кесті.
Ақтауда мұнайды заңсыз тасымалдағандар 8 жылға сотталды
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

 Маңғыстау облысында мұнай өнімдерін шетелге заңсыз тасымалдаумен айналысқан ұйымдасқан топтың жолын кесті. Қылмыскерлер жылдар бойы жалған құжаттар арқылы миллиардтаған теңгенің отынын порт арқылы шетелге шығарған. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады. 

Заңсыз бизнесті Маңғыстаудағы жергілікті кәсіпкерлердің бірі басқарған. Ол шикізат өндіруші мекемелермен келісімшартқа отырып, мұнайды "Standart Petroleum" және "Mangystau Oil Refining" шағын зауыттарында өңдеген.

Топ өкілдері өнімге заңсыз "пеш отыны" деген жалған сапа паспортын рәсімдеген. Сөйтеп, шикізатты Ақтау теңіз порты арқылы танкерлерге тиеп, кедергісіз шетелге жөнелтіп отырған.

Тек "Batys Nefte Trade" компаниясы  2019 мен 2023 жылдар аралығында сыртқа 160 мың тоннадан астам мұнай өнімін жасырын сатқан. Схеманың жалпы қаржылық айналымы 45 миллиард теңгеден асып жығылады.

Бұл әрекеттердің кесірінен мемлекеттік бюджет миллиардтаған салықтан қағылды. Құзырлы органдар жүргізген арнайы операцияның нәтижесінде мемлекет қазынасына екі миллиард теңгеден астам өтемақы өндірген.

Тәртіп сақшылары қылмыстық іске қатысы бар шағын мұнай өңдеу зауыттарын, тасымалдаушы танкерді және өзге де ірі активтерді мемлекет меншігіне тәркіледі.

Ақтау қалалық соты қылмыстық топтың бес мүшесін, соның ішінде зауыттар мен трейдерлік фирма басшыларын сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Ал бұл контрабандалық схеманың басты ұйымдастырушысына халықаралық іздеу жарияланды.